Құрсайлықтар сасыған су ішіп отыр

287
Құрсай сасыған су

Шілденің шіліңгір ыстығында құрсайлық тұрғындар бір тамшы ауызсуға зар болып отыр. 17 көшенің тұрғындарын қинаған мәселе 10 жылдан бері шешімін таппай келеді. Аудан мен қала әкімдігінің есігін тоздырған олардың ендігі үміті Ақордада. Тұрғындар Президентке хат жазбақ ниетте.

Құрсайлық тұрғындар таң атпай тағы да су жинайтын құтыларын сайлап, көше басына жиналды. Бұл ауданның үлкені мен кішісі де тіршілік нәрінің қадірін ерекше түсінеді. Себебі, 10 жылдан бері ауыз суды аласапыранмен алып, үнемдеп қолдануды үйренген. Тек, жыл бойына жиналған шыдам дәл осы жаз басталғанда шегіне жеткен екен.

«Қанша жыл болды ұрысып келеміз. Әр бейсенбі жақындаған сайын ұрысатын күн жақындады деп ойлаймыз. Жүйкеміз жұқарып бітті» дейді тұрғындар.
Ауруды судан таптық деген елдің қарасы Құрсайда аз емес. Әсіресе, жас балалар шөл қысқанда тіршілік нәрінің сапасына қарамай, қылғыта жөнеледі. Салдарынан сырқаттанғандар саны көбейген.

«Суды әкімдіктен аптасына бір рет алып келеді. құтыларға құйып аламыз. Ол су аптаға жетпейді. Судың барлығы қайнап кетіп жатыр. Ішінің барлығы көгеріп жатыр. Соны балаларымыз, немерелеріміз ішеді. Ішіп, құсып жатыр. Содан емханаға жүгіреміз» тұрғындардың тағы бірі.

Сасық суға да етіміз үйренді деген ел енді президентке хат жолдамақ ниетімен жиналғанда әкімқаралардан күдерін үзген жұртты жұбатуға жауапты маман да табыла қалды. Абай ауданы әкімдігінің қызметкері алғысөзды алдымен тындырған жұмыстарын айтумен бастады.

Асқар Ахметов, Абай ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жасау бөлімінің маманы: «Судың жобасы дайындалып қойған. Ары қарай конкурс жүреді. Жеңімпаз анықталады. Одан қаржы бөлінген жағдайда су жүргізілетін болады».

Құрсайлықтарды қазір ауданда жоқ табиғи газ, жарық пен жол мәселесінен гөрі жаздың тамақ жібітер ауызсудың зары ерекше толғандырып отыр. Бірақ, оларға құтыға құйылып, күн көзіне қайнаған суды әлі 2 жыл ішуіне тура келеді. 10 жылдан бері биліктен бөлінбеген қаржының шарапаты қарашаға 2 жылдан кейін ғана тиейін деп тұр. Оның өзі әлі нақты емес.

Назерке Үкібасова