Құрсайлықтар әлі күнге суға жарымай отыр

67

Құрсай шағын ауданының тұрғындарын су мәселесі сарсаңға салды. Жергілікті халықтың айтуынша, шенеуніктер бұл жағдайды былтыр реттеп береміз деп уәде берген екен. Алайда проблема қаз-қалпында, тұрғындар әлі күнге суды күзетіп, литрлеп сатып алуға мәжбүр.

Жәмила Ақнозова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Сәл шыдайық, сәл шыдайық деп келе жатырмыз. Тамызда береді деп еді. Енді, міне, қыркүйекке ауысты. Халық осылай шырылдап жүре бере ме? Кім көмектесе алады»

Құрсай шағын ауданында су мәселесі әлі күнге өзекті. Қалада тұрып күн сайын там-тұмдап қана су алатын тұрғындар құрылыстың 2 жылдан бері бітпей келе жатқанына наразы. Олардың айтуынша тіршілік нәріне қол жеткізу үшін жанталас түнде басталып кетеді екен. Ауылға су түнгі 3-те беріліп, 2-3 сағатта бітіп қалады. Ал сол уақытта суды ыдыстарға құйып алып үлгермегендер тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр.

Жәмила Ақнозова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Түнімен су күзетеміз. Өзіміз ашып-жауып өзіміз өзімізге қызмет етеміз. Водовоздан суды 6 мыңнан сатып аламыз. Оның өзін барлық үйге әкелмейді. Оны бөшкіде сақтаймыз. Ол сасиды, құрттайды. Ал мұнда кішкентай балалары бар үйлер бар»

Ал ауылдың жоғары орналасқан жеріне су әлі жетпеген. Олар әр жерден литрлеп су сатып алып, күн көріп жүргенін айтады.

Гауһар Тұрдиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізге су мүлде келмейді. Біз жоғары жақта тұрамыз. Водовоз сұрасаң келеді, сұрамасаң келмейді. Былтыр бітеді су береміз деп жыл бітті. Міне биыл да дәл сол, әлі бітпеді»

Нұғман Қожахмет, Құрсай ауылының биі: «Құрсай елді мекенінде Егізтөбе, Шаштөбе көшелерінде суды кешке береміз дейді. Су түнгі 3-те келіп, 6-да жабылып қалады. Әкімге де бардық, аудан әкіміне де бардық. Шешіліп жатқан мәселе жоқ. Су қайта жоқ болып кетті»

Ал әкімдік бар мәселе су қабылдағыш станцияның құрылысында екенін айтады. Мамандар нысанның жұмысы аяқталса, мәселе қыркүйек айында шешіледі деп отыр.

Тілеубек Мейірбекұлы, Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы: «Бірінші этап бойынша жұмыс шілдеде, екінші этап қыркүйекте аяқталады. Кешігу себебі бұрын ғимарат мына жерде болған, экспертизадан шыққан. Қазір жаз айы қысым жетпей жатыр. Ал мына құрылыс бітсе, 24 сағат бойы беріледі»

Құрсайлықтардың сөзінше су қабылдағаш станция құрылысы бірнеше жылдан бері созылып келеді. Ал суды тасып ішіп, қала берді сатып алып күнелткен халық, мұндай тіршіліктен әбден шаршағанын айтады.