«Пәтер жалдау – ауаға ақша шашу»

184

«7-20-25» бағдарламасы. Иелегінде алақандай бас-пасы болуына арман еткен қазақстандықтарға тағы бір мүмкіндік. Елдегі баспана мәселесін шешуге бағытталған бұл бағдарламаның басталғанына енді жыл толды. Бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымының таратқан мәліметінше, осы уақыт аралығында 100 млрд теңгеге ипотекалық несие беріліпті. Қазақстанда 8844 отбасы тиімді шарттармен баспанаға қол жеткізді. Олардың – 256-сы шымкенттіктер.

«БӨЛЕК ҮЙ БОЛАМ» ДЕСЕҢІЗ
Шымкент қаласының тумасы Нұржанның отбасы 7-20-25 бағдарламасымен баспаналы болғандардың бірі. Олар аталған бағдарлама бойынша биыл пәтерлі болды.
Нұржанның мамандығы – қаржыгер. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды бітіріп, мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке орналасқан. Әйелі Назгүл – балабақшада тәрбиеші. Ерлі-зайыптылардың екі баласы бар. Үлкені – 5 жаста. Кенжесі 2 жаста. Шаңырақ көтергендеріне 5 жылдан асқан ерлі-зайыптылар екінші рет ата-ана атанарда ғана өз баспанасы жайлы ойлана бастапты.

– Кез келген қазақ отбасы сияқты ата-анаммен, бауырларыммен бір шаңырақтың астында тұрдық. Әрине, отаудың ішінен тағы бір отаудың құрылғаны жақсы. Дегенмен, жан басы көбейген сайын, үйге «сыймайды» екенсің. Сөйтіп, ата-анамнан еншімді алып, бөлек шығуға рұқсат берулерін сұрадым, – деп бастады әңгімесін Нұржан.
Оның сөзінше, ата-анасы бөлек тұруларына қарсылық танытпаған. Бірақ, пәтер жалдауларынада рұқсат етпейтіндерін айтыпты. «Асығыстық танытпаңдар. Пәтерден-пәтер жағалап, көшіп-қонып жүргенше, ақша жинаңдар!» деген ата-анасының кеңесімен Нұржан осыдан 2 жыл бұрын банктен есепшот ашады.

АҚША ЖИНАУ КЕРЕК!
– Мемлекеттік қызметкер ретінде баспана кезегіне тұруыма болатын еді. Бірақ, кезектің қашан жылжитыны белгісіз. Мен сияқты мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік осал топтағылар қаншама? Кезегімді күтіп, қолымды қусырып отырғанша, әрекет жасадым. Қарап отырсам, ақшаны үй жағдайында жинау мүмкін емес екен. Майда-шүйде, той-томалақтарға жұмсап қояды екенсің. Содан жан-жақтан сұрастыра келе баспаналы болудың ең тиімді жолы-банктен депозит ашып, қаржы жинақтау екенін түсіндім. Ал «7-20-25» бағдарламасы туралы естігенімде тіпті қуанып кеттім. Себебі, басқа бағдарламалар бойынша пәтер құнының 30 не 50 пайы-зын алдын ала төлеу керек. Ондағы жылдық пайыздар да жоғары. Мұның үстіне банктің қызметі, комиссиялық шығындар, «сақтандыруы» бар. Бұл – тиімсіз. Ал бұл бағдарлама бойын-ша жылдық пайыз – 7%. Пәтердің жалпы сомасына емес, бастапқы жарна 20 пайызды шегергенде қалған қаржыға есептеледі. Сондай-ақ, мұнда банк тарапынан ешқандай комиссия және сақтандыру ақысы алынбайды. Пәтер құнының нақты өзі есептеледі. Сондықтан да «7-20-25» бағдарламасымен рәсімдеу әлде қайда тиімді екеніне көзім жетті,- дейді Нұржан.

8 БАНК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ
Осылайша ерлі-зайыптылар артық шығандарды қысқартып, есепшоттарына ақша жинай бастаған.

– Бағдарламаның тағы бір артықшылығы – мұнда еш жерге құжат тапсырудың қажеті жоқ. Еліміздің кез келген қаласынан өзіңізге ұнаған жаңадан салынған тұрғын үйді таңдап, сол үйдің құрылысын жүргізіп жатқан компанияның кеңсесінен пәтердің құнын білесіз. Сосын банкке барып, төлем қабілеттін тексертсеңіз болғаны. Банк сіздің төлем қабілетіңізді растаса, компанияның кеңсесіне барып, таңдаған үйіңіздің техникалық куәлігінің көшірмесін алып, қайта банкке барасыз. Сөйтіп, пәтерді өз атыңызға несиеге рәсімдейді екенсіз, -дейді Нұржан.

Нұржан мен Назгүл «Нұрсәт» шағынауданынан жаңадан бой көтерген үйлерді таңдапты. 2 бөлмелі пәтердің жалпы құны – 14 млн теңгені құраған. Соның 20 пайызы, яғни 2 800000 теңгесін жинақтаған олар қаладағы «Банк Центр Кредит» банкіне барып төлем қабілетін тексертеді.
Айтпақшы, аталған банк Шымкент қаласы бойынша «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруда алдыңғы қатарда келеді.
Аталған бағдарлама аясында пәтерлі болған 256 шымкенттіктің 103-і өз баспанасын осы банк арқылы несиеге рәсімдеген.

Айта кетейік, қалада бұл бағдарлама бойынша 8 банк қызмет көрсетеді. Олар:
– «Халық банкі»,
– «BK банк»,
– «Eurasia банкі»,
– «Forte bank»,
– «Цеснабанк»,
– «АТФ банк»,
– «Банк центр кредит»,
– «Сбербанк».

АЙЫНА – 90 МЫҢ ТЕҢГЕ
Бүгінде Нұржан мен Назгүл көптен күткен жаңа баспаналарында тұрып жатыр. Айтуларынша, үйді таңдап, құжат ресімдеуден кілтін алып, қоныстанғанына дейін 1 айдай уақыт өтіпті. Уақыттың көбі несие рәсімдеуге емес, сол үйдің құрылысын жүргізіп жатқан компаниямен келісімшарт түзуге кеткен көрінеді.

– Таңдаған пәтерімнің құны 14 млн теңге. 20 пайызын төлеп қойдым. Қалған 11 200000 теңгені 20 жылға, яғни 240 айға бөлгенде ай сайын 90 000 теңгеден тиеді, – дейді отағасы Нұржан.
Кейіпкеріміз несиесін 20 жылға рәсімдеуінің өз себебі бар екенін айтады. Бұл банктің несиені мақұлдауына оң септігін тигізген. Нұржанның айтуынша, қазір олар өз баспаналары үшін ай сайын 90 мың теңгеден төлеп отыр.
– Әрине, шығын шықпай, кіріс кірмейді. Азын-аулақ шығындардың болары анық. Есептеп қарасақ, бұл бағдарламада бірге-бір төлейді екенбіз, басқасында пәтердің өз сомасынан 3 есе артық төлеу керек. Дегенмен, түбінде өзіңе қалатын бас-пана болған соң өкініш жоқ. Қаншама адам басқаның пәтерін жалдап, сол үшін ай сайын 50-70 мың теңге көлемінде төлеп отыр. Бұл ауаға кеткен ақша. Себебі, ол пәтер сенікі емес. Одан да пәтерді осылай несиеге алған әлдеқайда тиімді,- дейді Нұржан.
Әрбір отбасының өз баспанасы болғаны жақсы, әрине. Мемлекеттен қолдау болып тұрса одан да жақсы. Ал сізді баспана мәселесі толғандыра ма? Ендеше, 7-20-25 бағдарламасына неліктен қатысып көрмеске?!

АЙТПАҚШЫ…

Жеке тұлға «7-20-25» бағдарламасы бойынша қарыз алу үшін мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
–Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек;
–Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы керек;
– Расталған еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы;
–Ипотекалық кредиттерінің болмауы
Ескеретін жайт, бағдарлама ережесіне сәйкес, таңдаған үйдің құны 25 млн теңгеден аспауы шарт. Одан арзандары құпталады.
Сондай-ақ, бағдарламаға 21 жастан бастап, зейнет жасы 63 жасқа дейінгі әйелдер, 68 жасқа дейінгі ер азаматтар қатыса алады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

№28, 10 шілде 2019 ж