Шымкентте полицейлер мен шенеуніктердің үстінен сотқа 120 арыз түскен

Шымкентте қоғамдық орындарды ластау мен тыйым салынған аймақта шылым тарту және спирттік ішімдік ішу тыйылмай тұр. Салдарынан, әкімшілік сотта жарты жылда 5 340 іс қаралыпты. Оның ішінде 909 әкімшілік іс бойынша қамау жазасы қолдыналған. Тағы 2 889 іс бойынша айыппұл салыныпты. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьялары мәлімдеді.

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 6 айды сараптай келе, алдымен «Түнгі сот» пилоттық жобасын қорытындылады. Судьялардың айтуынша, пилоттық жоба аясында 653 әкімшілік іс қаралған. Салынған айыппұл соммасы 31 миллионнан асып жығылады. Соның 90 пайызы өз еркімен төленген.Небәрі 6 айдың өзінде полиция мен шенеуніктердің үстінен «құзыретін асыра сілтеді» деп тұрғындардан 120 арыз түскен. Оның 80-і — полиция қызметкерлеріне қатысты. Соның тең жартысында тәртіп сақшыларының айыбы дәлелденген.

Нұрлан Әлиев, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты төрағасының міндетін атқарушы: «Полиция қызметкерлері тиісті талапқа, стандартқа сай емес құралдармен жұмыс жасайды. Жылдамдықты да сондай бір құралдармен өлшеп, сотта жеңіліс тауып жатады. Сосын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырады. Онда айыппұлдың сомасы көрсетілетін тұсына «0-0-0″ деп жазып қояды. Егер адам ешқандай құқықбұзушылыққа бармаса, неге ол хаттама жазады?! Тіпті сомасы жазылмай да хаттама толтыруға болады ма?! Осы қадамдары күмән тудырып, соңы сотпен аяқталады».

Шымкент қалалық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшылығы, тәртіп сақшыларының тәртібін түзеу бойынша қазіргі уақытта ауқымды жоба-жұмыстар жіті жүргізілетінін айтады.

Абуталип Жарасов

Абуталип Жарасов, Шымкент қалалық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары: «Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тәртіп сақшыларының қызметі мен оның жұмыс сапасын қадағалайды. Бұл мақсатта түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, рейдтік шаралар қолға алынған. Полицейлердің жүріс-тұрысы, жол ережелерін сақтауы немесе көлік жүргізушілеріне толтыратын хаттамаларына дейін біз қарап, осы бойынша тұрғындар   тарапынан түскен арыздарды зерттеп-зерделейміз».

Елімізде ішкі істер саласын реформалайтын бағдарламалар бұған дейін де жүргізілді. Сауатсыз және жемқор қызметкерлерден полиция қатары тазартылдады деген ұран да айтылды. Ендігі үміт алдағы реформаларда.

Мөлдір Бекеева