«Өзіндік қауіпсіздік басқармасының былығы: ақша салып жіберді» деген ақпарат рас па?

821

«Шымкент қалалық полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының былығы: ақша салып жіберді».

Бүгін, түнгі 2-лер шамасында «ютуб» желісінде дәл осындай атаумен жарық көрген видео жұртшылықты дүр сілкіндірді. Қазірдің өзінде, жазбаны 100-ге жуық адам көріп үлгерген. Тіпті желі қолданушылары оны өзара бөлісіп, таратып та жатыр. Авторы – Серік Ахметов деп көрсетілген.

Желі қолданушысының жүктеген бейнесінен бірқатар автокөліктер мен ондағы адамдардың өзара теке тіресін байқауға болады. Тіпті белгісіз бір әйелдің айқайға басып, шарқ ұрып жүргені де анық аңғарылып тұр. Белгісіз біреудің қолын қайырып, қылмыскерді құрықтағанға ұқсайтын көрініс те бар.

Желіні жарған видеоның жай-жапсары мен оқиғаның анық-қанығын білу үшін өзіндік қауіпсіздік басқармысының басшылығына жүгіндік. Тағайындалғанына бүгін тура 1 ай толған басқарма басшылығы тиісті видео мен ондағы жағдайға қатысты арнамызға эксклюзивті сұхбат берді.

Бауыржан Бектұров

Бауыржан Бектұров, Шымкент қалалық ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары: «Бізге бір азамат осы қаладағы қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметкеріне қатысты арызданды. Біз ол бойынша қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастадық. Ал құрықталған азаматтың «10 мың теңгені қалтама қасақана салып жіберді», – деген дерегі шындыққа сәйкес келмейді деп айтамыз. Өйткені, бізде кез келген әрекет сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүреді. Сонымен қатар, қажетті санкцияланған құпия әрі жасырын тергеу әрекеттері жүреді. Сол барлық тергеу әрекеттері аяқталған соң, сол адамның әрекетіне баға бере аламыз. Ал желіге тараған видеодан бәрі көрініп тұр ғой, ол жерде біздің тергеу тобының қатысушылары «доғарыңыздар, заңсыз әрекеттеріңізді тоқтаңыздар, бұндай әрекет жасамаңыздар», деп тұр. Бірақ, әйел адамдары туыстары сияқты көрінді,  айқай-шу көтеріп кеткен. Сосын, біздің қызметкерлер ешкімге күш қолданбаған. Оның барлығы бізде видеожазбада тұр. Хаттама да толтырылған. Қазір құқықтық баға беріп жатырмыз. Тергеу әрекетінен соң, толық бағасын береміз».

Мөлдір Бекеева