Шымкенттік суретші Батухан Байменнің шығармасы Гиннестің рекордтар кітабына ұсынылды. Кипрдің Ирфан Гюнсель орталық конгресс залында өтіп жатқан халықаралық көрмеге қойылған туындыны мамандар Гиннестің рекордтар кітабына ұсынуға лайық көрді.
Бұдан өзге, суретшіге Кипрдің мемлекеттік деңгейдегі сыйлығы — күміс кілт табысталды. Айта кету керек, жоғарғы награданы Қазақстаннан барған 50-ден астам суретшінің екеуі ғана иеленді.
Түркі елдерінің қазіргі заманғы өнерін дамыту аясында өтіп жатқан көрмеге Қазақстаннан 50 суретші қатысты. Солардың бірі, шымкенттік суретші — Батухан Баймен. Оның графикалық туындыларын өздерінің өнер кеңістігінде көруге шетелдіктер аса жоғары қызығушылық таныттты.
Улан Устел, Кипр республикасының мәдениет және қоршаған ортаны қорғау министрі: “Батухан Байменнің көптеген елдерде жеке көрмесін өткізіп жүргенін білеміз. Атап айтқанда, Түркия, Берлин және Орта Азияның Ташкент және Бішкек сыңды елдерде. Көрменің жалғасы біздің елде де өтуін көптен бері қалап жүрдік. Сол сәт міне бүгін туып отыр. Мұндай маштабты жұмыстарды біздің де елдің өнерсүйер қауымы мен суретшілері тамашалағанына біз қуаныштымыз”.
Суретшінің осы көрмеге әкеліп, жұртшылық назарына ұсынған линогравюралық туындысының саны 60-тан асады. Тарихи, саяси және эпостық тақырыптар қамтылған шығармалар біздің түп — тамырымыздың бір екенін тағы да дәлелдейді. Ал қай жағынан да маңызы бар, кең көлемді шығармалар кипрлықтарды таң қалдырды. Ал суретшінің өзі бұл туындыларды жаңа қырынан жасауды мақсат тұтқан.
Батухан Баймен, суретші-график: «1990 жылдары нарықтық заманға байланысты көптеген мықты графиктер бейнелеу өнерінің басқа саласына кетіп қалды. Ол енді заңды. Осыған байланысты графиканың ХХІ ғасырға сай жаңа рухын, графиканың жаңа мүмкіндіктерін көрсету болды”.
Мынау қырғыздың жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасына арналған туынды. Арнайы линолеумда ойылған туындыға қазір бояу жағамыз. Енді арнайы станоктан өткіземіз. Міне өздеріңіз көріп отырғандай, туынды дайын. Айта кетуі керек мұны бірнеше рет өткізіп, көптеген туынды алуға болады. Мұндағы бір мәселе, бұл станоктан ені 70-сантиметрлік туынды басуға ғана болады. Ал суретші Батухан Баймен, биіктігі 1,5 метр ені 3 метрлік туындыларды жасады. Бұл графика саласындағы тек елімізде ғана емес, әлемдегі айтулы жаңалық.
Өнертанушылар, өнер кеңістігіндегі мұндай кең көлемді графикалық туындыларды Гиннес рекордттар кінабына ұсынып отыр. Ал, елімізден барған 50 -ден астам суретшінің екеуіне бұдан былай Кипрдің қадірлі қонағы екенін білдіретін күміс кілт табысталды.
Асқар Сәтпаев