Алматылықтар тіккен құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына енді

680
Фото Baq.kz

Алматылықтар қала күнін тойлап жатыр. Жиылған жұрт иісі аңқыған апорттың дәмін татып, ұлттық-мәдени шаралардың куәсі болды, деп хабарлайды 24.kz. Наурыз мерекесінде басталған алып құрақ көрпе де бүгін тігіліп бітті. Ұзына бойы 11 шақырымға тақайтын құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді.

Жандос Айтбайұлы, тілші: «Қала күні Алматының ауа райы тамаша. Тұрғындардың да, келген қонақтардың да көңіл күйі керемет. Алматы апортын сағынғандар ҚР Тұңғыш президентінің саябағына қарай ағылуда. Өйткені дәл осы жерде дәстүр бойынша алмалардың жәрмеңкесі өтуде. Алматы мен Алматы облысы фермерлері 100 тоннадан аса алма өнімдерін алып келді деген ақпарат бар».

Расында дәмі тіл үйіретін апорт алмасының бүгін сан түрін көруге болады. Өйткені «ALMA FEST» фестиваліне қатысушылар еліміздің әр облысынан жиналған екен. Мерекелік шаралардың негізігі бөлігі де осы Тұңғыш Президент саябағында ұйымдастырылған. Бұл жерде бірнеше интерактивті аймақтарға бөлініп, алматылықтар караокеде ән салып, би билеп, әр түрлі шеберлік сыныптарына және басқа да қызықты байқауларға қатысып жатты. Жас суретшілер мен кәсіпқой суретшілердің жәрмеңкесі де осы саябақтың сәнін келтірді. Сондай-ақ сонау Наурыз меркесінен басталған құрақ көрпе тігу жұмысы аяқталып, ұзындығы 10 шақырым 900 метрлік құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына кірді.

Роза Қабиева, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры: «Мұның бәрі осы бес айда тез тігіле қалған дүние емес. Қанша адамның еңбегі болды. Еңбегінің жемісі бүгін ақталып жатыр. Сондықтан да бүкіл қалалықтарды үлкен жеңіспен құттықтағым келеді. Бұл – қаланың жеңісі».

Джона Брент, Гиннесс рекордтар кітабы бас кеңсесінің өкілі: «Қазақстандық құрақ көрпені көру үшін, бағасын беру үшін, қала күні мерекесіне арнайы келіп отырмыз. Бұл – шынымен де таңқаларлық дүние. Сіздер расында әлемдік рекордтың қаймағын бұзып отырсыздар. Осыны дәлелдейтін ресми құжатты да табыстадық».

Қала күні мерекесі бір айдан бері аталып жатқанын айта кеткен жөн. Осы уақыт аралағында 100-ден астам мерекелік іс-шара өтті десек, соның басым көпшілігі мәдени шаралар. Олардың қай-қайсысы да қала тұрғындарының күнделікті өмірін жарқын сәттерге толтыруға бағытталған.

Гүлнұр Әбдірашит, қала тұрғыны: «Бүгін өте керемет мереке болып жатыр. Қазақи салт-дәстүріміз көрсетілуде. Қазақтың салт дәстүрі мәңгі болсын. Көңіл күйіміз өте керемет».

Қала күніне арналған концерттік бағдарламалар кешкі уақытта да жалғасын тапты. Халықаралық «Сұңқар» трамплин кешенінде Еуразиялық музыка байқауы өтсе, «Алатау» дәстүрлі өнер  тетарында «Алатауым – алтын ұям» республикалық ақындар айтысы көпшіліктің айызын қандырды.

Алматы күніне арналған мерекелік шараларды тізбектеп айтып тауысу міндет емес. Ең бастысы, күйбең тіршіліктен қажыған қала тұрғындары бір сергіп қалды.