Silkway халықаралық университетінің түлектеріне диплом табысталды

951
Silkway халықаралық университеті

Шымкентте жоғары оқу орнын бітірушілерге диплом табыстау рәсімі өтті. Өздерінің маман екендігін растайтын құжатты Silkway халықаралық университетінің түлектері де қолдарына алды. Биыл оқу тәмамдаған 3000 түлектің 80-і үздік диплом иегері.

Шәмші Қалдаяқов алаңында жиналғандардың бәрінің езуінде күлкі ұялап тұр. Қаз-қатар тізілген студенттердің төрт жыл бойы алған білімдерінің жемісі бүгін қолдарына табысталады. Елімізге танымал оқу орнын биыл 3000 студент аяқтап отыр.

Мадияр Юнусов, Silkway халықаралық университетінің президенті: «Сіздер оқыған төрт жылда түрлі салаларда жетістікке жеттік. Білім, ғылым, спортта талай жетістікке жеткенімізді мақтанып айтқымыз келеді».

Диплом табыстау кешіне құрметті қонақтар, ұстаздар, ата-аналар келген. 80 үздік дипломның бірінің иегері – Әсел Мадиярова. Көп күттірген қызыл диплом білікті ұстаздарымның берген білімінің жемісі деп, Әсел ағынан жарылды.

Әсел Мадиярова, Silkway халықаралық университетінің түлегі: «Үлкен белестерден өтіп осы дипломға қол жеткізіп отырмын. Ата-анамның қуанышында шек жоқ. Олар да осында. Арнайы алыстан атам келіп отыр. Барлығы қуанышты. Өзім де өте қуаныштымын».

Бүгін бакалавр студенттерінен бөлек магистранттарға да диплом табысталып жатыр. Жасы 58-ге келген Абзал Дуйсенбиев оқудың ерте кеші жоқ деп осы оқу ордасының магистратурасын тәмәмдады. Енді осында докторантураға түсіп, білімін жалғастырмақ.
Абзал Дуйсенбиев, Silkway халықаралық университетінің түлегі: “Өзімнің мамандығым бойынша бұрын дефектология мамандығы жоқ – тұғын. Кейіннен ашылды. Бірден шешім қабылдап, осында оқуға түстім. Айтулы оқу ордасының бірінші түлектеріміз».

Silkway халықаралық университетінің 27 жылдық тарихы бар. Университет түрлі пәндердің болашақ мұғалімдері мен бухгалтерлік есеп және аудит, экономика және қаржы, құқық, ақпараттық технологиялар және бағдарламалау, компьютерлік және ақпараттық жүйе салалары бойынша мамам даярлайды. Ал магистранттар мен докторанттарды педагогикалық, өнер және гуманитарлық ғылымдар, бизнес, басқару ісі және құқық бойынша оқытып шығарады.