Өркениеттен жырақ қалған Шымкент қаласының тұрғындары коммуналдық қызметке зар болып отыр. «Ынтымақ-2» елді мекенінде 10 жылдан бері тұрып келе жатқан ел ауыз суға жете алай жүргендерін айтады. Түндері су күзетумен өтетін елдің бар мәселесі бұл емес. Одан өзге газ бен жол да жұрттың жүйкесін жұқартып біткен.

Жергілікті басшылардан күдерін үзген «Ынтымақ-2» шағынауданының тұрғындары ауылға қажет коммуналдық жүйені өз күшімен кіргізген. Жаңбыр жауса, батпаққа айналатын жолға тас төсеп, ауыз суды алдырған. Бірақ, жүз отбасының бірігіп жасаған бұл жұмысы жыртыққа жамау бола алмады. Тартылған су тек түнде ақса, жөнделген жол қайта шаңға бөгіп жатыр.

«Ертең күздің күні лай болады бәрі. Кеше қыстың күні мүлдем жүре алмады. Мектеп алыс. Олардың апарып, әкелу үшін бір машина керек. Мына көршілер жиналып апарамыз. Одан кейінгі мәселеміз су. Жеке меншікке 75 мыңнан жинап бердік. Бірақ суға да дұрыс қол жеткізе алмай отырмыз» дейді ашынған тұрғындар.

10 жылдан бері жырға айналған «Ынтымақ» елді мекеніндегі тағы бір мәселе — табиғи газ. Қалалық болса да қыста пеш жағатын тұрғындар көгілдір отын желісін тартуға қажетті қаражаттың бюджеттен бөлінуіне мердігерден бетер ынтық. Ал, жауаптылар жұрттың 5 жыл күтуі қажет дейді.

Сонымен, коммуналдық мәселелер «Ынтымақ-2» елді-мекенінде тек 5 жылдан кейін толықтай шешіледі. Оған дейін мегаполис тұрғындарына шелекке су, сарайға отын жинап, қыс түссе пеш жағудан басқа амал жоқ.

Назерке Үкібасова