Түлкібас тұрғындары 15 жылдан бері суға жарымай келеді

116

Ерекше табиғатымен көпті тамсандырып отырған Түлкібас ауданының халқы ағын суға жарымай отыр.15 жылдан бері сусыз қалдық деген Ынтымақ ауылының халқы мұның бәріне аудан кәсіпкері кінәлі дейді.

Түлкібас ауданына қарасты Ынтымақ ауылының халқы 15 жылдан бері егістік алқабын суғаратын су таппай қиналуда. Тұрғындардың айтуынша, ауылға Жиенбай арнасынан келіп құятын тіршілік көзі жекенің қолына өтіп кетіпті. Ал оны меншігіне алған азамат кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты екен. Талай жылдан бері бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады деген тұрғындар еккен көшеттеріміз қурап, еткен еңбегіңіз еш кетіп жатыр деп ашынды.

Керімжан БЕЙСЕНБАЕВ, Түлкібас ауданы, Ынтымақ ауылының тұрғыны: «Мына жерде қызанақ көшетін еккенбіз, мұны еккеннен кейін суарумыз керек еді. Осындай 100 тал көшетін ектім, бәрі қурап кетті. Ал енді мына жағы бос жатыр, тағы да анау-мынау егейін десем, қорқып отырмын тағы да шығы боламыз ба деп. Бұл каналды жергілікті  депутат жекешелендіріп алған. Оны бірнеше рет кездесуге шақырдық, келмеді».

Ауданның ақ жағалылары каналдың жекенің меншігіне өтіп кеткенін растап отыр. Кәсіпкердің жұмысына араласа алмаймыз деп те мойындады. Сол себепті аудандық прокуратурамен бірлесіп, халықтың шағымын шешуге тырысатындықтарын айтуда.

Жәнібек Керімқұлов, Түлкібас аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы:» Кәсіпкердің жеке ісіне араласа алмаймыз. Барлық оигандарға шықтық. Көмектесуге даярмыз. Жақын арада шешімін табуы тиіс бұл мәселе».

Ал халық қалаулысы Әбдумүтәліп Сапаров ауылға ағын су беріліп келді, халықтан ол үшін бір тиын да алмадым дейді. Тек соңғы уақытта жөндеу жұмыстарына байланысты су беру уақытша тоқтылыпты-мыс.

Әбдумүтәліп Сапаров, Түлкібас аудандық мәслихат депутаты: «Ия, арық қазір уақытша жабық. Оны тазалап жатырмыз. 15 жылдан бері… Деген өтірік енді…Інім сен бір аптадан кейін кел,көресің,су бар ма,жоқ па?».

15 жылдан бері егінімізді суғара алмай келеміз деген халықтың сөзін жоққа шығарған кәсіпкер бар мәселені бір аптада шешіп тастаймыз деп уәде беріп отыр.