Ордабасы ауданы Қызыл сеңгір ауылының тұрғындары мал жайылымына жер таппай жүр. Себебі аумақтағы 460 гектар жер жекенің қолына өтіп кеткен. Кесірінен бар күнкөрісі мал мен егінге байланған ел жағдайларының нашарлап кеткенін айтып, ашынады.
Қорадағы малын қайда жаярын білмеген жұрт ауыл әкімдігінен бастап, облыс сотына дейін сабылған. Бірақ, ондағыларды әзірге қарашаның бас ауруын жазуға асығар емес.
Талай жылдан бері дауыстары жауаптыларға жетпей жүрген бұл елдің малдарын жаярға жері жоқ. Сөздерінше ауыл халқы түгелімен іштен шыққан пысықайдың тұзағына түскен. Барлығымыз бір шаруашылық болайық деп ұсыныс тастаған ауыл азаматы осыдан 10 жыл бұрын тұрғындардан қол жинап алған. Тіпті құжатқа баяғыда бақилық болғандардан да қол қойдырып алыпты.
«Құрылған кезде ауыл толық хаттама толтырылған. Жайылым жерді ортақ деп біз келістік. Бірақ Тінәлиев Сәдуақас барлық заңды бұрап отырып, өзінің туған — туыстарын кіргізген Қызылсеңгірге. Ешқандай біздің ауылда тұрмайтындарды да. Жер үлесі жоқ адамдарды. Бірақ оларды біздің ауылда тұрады деп келтірген».
Осылайша жылдар бойы елдің пайдасына жарап келген жер аяқ асты бір адамның меншігіне айналып шыға келген. Қызылсеңгірліктер ауылдың малын жапандағы жайылымға айдап жүрген. Бірақ алақандай жер тақырға айналған.
«Менің малым жайылады, сенің малың жайылады» деген ұрыстар туатын болды арамызда. Себебі жер кішкентай. Малымыз мына тұрған үлкен жерге жайылса. Күніге бір жерді айналып жей бермейді ғой мал деген. Мына жақтың барлығының шаңы шығып кетті» дейді ауылдықтар.
Қызылсеңгір халқының көзінен бұлбұл ұшқан жайылымда бүгінде егіс алқабы жайқалып тұр. Жылдар бойы қақпаған есігі қалмаған ел тіпті облыстық сотқа да жүгінген. Бірақ, ол жақтан үнемі бір жауап келеді екен. Осыған дейін сағызша созылған іске жауаптылар біз барғанда нүктесін қоятындарын жеткізді.
Берік Алтынбек, Ордабасы ауданының жер қатынастар бөлімінің басшысы: «Орындалмауына байланысты «Қызылсеңгір» ЖШС-нің директорына хабарлама берілді. Ол жерді аудандық жерге қайтару жөнінде инспекция тарапынан сотқа талап қойып, Ордабасы ауданына қайтару жұмыстарын жүргізуде».
Малын жайғар жер таппай қалған ел әйтеуір жайылымға қол жеткізуі мүмкін. Бидай егілген 119 гектар аумақтың тағдыры қазір сотта қаралып жатыр.
Назерке Үкібасова