«Жайылым жоқ: Жем-шөпсіз мал қорада қаңтарылып тұр»

137

Ордабасы ауданының тұрғындарын жайылым мәселесі көптен бері мазалайды. Өйткені өріссіз қалған төрт түлікті олар қораға қамап қойған. Ал ауылдың тап түбіндегі гектар гектар жайылымдық жерді пысықайлар иемденіп алған көрінеді.

Алмасхан шаруа аулада тұра алмай жатқан қойын көрсеті: «Менің қойым міне көтерем, тұра алмайды аяғынан. Жем шөп алғанмын, жетпей жатыр… Жас қой, екінші тума қой. Қозысы өліп қалды», дейді.

Күн көрісіне жараған төрт түлігі қолына қарап қалған Алмасхан Нарбек шығынға батып жатқанын айтады. Түйелері соңғы бір айда ауладан аттап шықпаған. Қатарынан үш рет айыппұл төлегендіктен, үйде ұстап отыруға мәжбүр. Алдыңғы жылы алған 500 қойдың тең жартысы өліп қалғанына іші удай ашиды. Айтуынша, ауыл іргесіндегі жайылымға иелік қылған кәсіпкер аттап бастырмайтын көрінеді.

Алмасхан Нарбек, Ақсары ауылының тұрғыны: «Көктемде 10 см шөпке мал жайғызбай бүкіл ауылдың малын жайғызбай қуратып жіберді шөптің бәрін. Не деген сұмдық… Ешкім жәрдем бермейді. Ауданға барамыз, облысқа барамыз, ешкім жәрдем бермейді».

Алмасхан Нарбек секілді ауылдың өзге де тұрғындары малын жаятын жер таппай жүр. Айтуынша 2014 жылдан ауыл іргесіндегі үш жүз гектардай жерді ұзақ мерзімге жалға алдым деген кәсіпкер, не малға, не жанға күн көрсетпейді екен.

Жексенбай Арапбайұлы, Ақсары ауылының тұрғыны: «Маханбетов Байжан деген кісіден зәбір көріп отырмыз. Барлық жерге ие. Біреу барып мал бақса да, қалыңдау жерінен орып пайдаланайын десе де үйіне малына зәбір көрсетіп ұрады, соғады. Ақыр аяғында рекеттік тірлік істейді, сонымен қорқытып үркітіп бездіріп жібереді».

Жаңабек Жұмабеков, Ақсары ауылының тұрғыны: «Осы Байжан деген кісінің қорасына малым жақындап кетсе қамап қояды да 102 – ге звондап айыппұл салады. Қанша мәрте қамап қойды. 4 мың бірдеңеден айып төлеп жатырмыз әр мал түскен сайын».

Айта кетейік, Ақсары ауылында небәрі елу шақты түтін бар. Үш жүздей жанның күніне жарап тұрғаны мал мен егістік қана. Білулерінше, талайдан мал жайып келген аумаққа үш кәсіпкер иелік етіп отыр.

Әбдіхан Нарбек, Ақсары ауылының тұрғыны:  «Ал енді Байжан бізге атака жасағанда сұмдық енді. Баланы да ұрады, әйелді де жылатады.

–Не дейді, прокурормен қорқытады ма ?

–Менің крышам мықты,- дейді. Маған дым қыла алмайсыңдар,- дейді».

Қит етсе полицияны жетектеп келетін кәсіпкердің бұл аумақты белден басып алды деп санайды көпшілік. Шуласқандар тіпті көктем шықса баламызды сабаққа да жібере алмаймыз деп отыр.

Перизат Асан, Ақсары ауылының тұрғыны: «Ертең балаларымызды сабақтан алып қаламыз.

-Не үшін?

– Не үшін, мынау қамайды ғой. Бұзауға кім қарайды. Балалар мал бағады.  Енді мартта басталады біздің сабақ. Бармайды балалар. Егін егеміз ба, Байжанмен алысамыз ба, кіммен алысамыз?».

Ал бүкіл ауыл атынан үркіп отырған шаруаның өзі ешкімге зәбір көрсетпедім деп тұр. Керісінше, шарушылығымды өркендетуге мүмкіндік бермей жатыр дегенді уәж қылды.

Байжан Маханбетов, Шаруа қожалығының төрағасы: «Жанында 9 гектар жерім бар жоңышқалық. Сол жоңышқалыққа әдейі түсіреді, айдайды. Мен сол кезде айтсам әкетпейді. Сонан кейін мен оны қораға әкеп қамаймын. Сөйтіп әкімшілікке айтамын, полицияға айтамын. Келіп сол айыппұлымен, заңдылықпен істеп жатырмын».

Ал аудан әкімі орынбасарының сөзінше бұл мәселе былтырдан бері туындаған. Білуінше, ауылға су келгелі бұрын мал жайып келген суармалы аумақтарға егін сала бастапты. Ақсарының ортақ жайылымы жоқ деген шенеунік жалға беріліп кеткен гектарларды халық игілігіне заңдастырудың қамын жасап жатырмыз дейді.

Қыдырбай Сейітқұл, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары: «Бүгінгі таңда ескерту берді. Алдағы уақытта келіссөздер жүргіземіз. Келіссөздерге қанағаттанбаған жағдайда ол кісілердің талаптарын орындауға мүмкіндігін көреміз. Келіссөздерге көнбеген азаматтарды үш айдан кейін біз сотқа беру талап арыз беру арқылы қайтаруға жұмыс жасаймыз».

Алайда бұл шаруа жыл соңына дейін созылатын түрі бар. Біз күткенмен төрт түлік қорада күте алмайды деген халық, мал жайып келген жерді қалай да ертерек қайтартып берсін деп талап қойып отыр.