Көп балалы отбасыларға тегін процедура

655

«Сүндет – 2019». Шымкентте 4 және одан да көп баласы бар және мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тегін сүндеттеу рәсімі өткізілуде. Қалалық клиникалық балалар ауруханасында, қайырымыдылық шарасы аясында өткізіліп отыраған циркумзицияның алғашқы күнінде 50-ден астам кішкентай шымкенттік мұсалман атанды. Жалпы, сүндетке отырғызу парыз ба, әлде міндет пе? Баланы қай жаста сүндеттеу керек? Сүндеттеу шарасын молданың, әлде дәрігердің атқарғаны дұрыс па? Сүндеттеуден кейінгі күтім қандай болмақ?

СҮНДЕТТІҢ «СЕЗОНЫ»

Тамыз келді дегенше сүндет тойдың сезоны басталды дей беріңіз. Яғни, үйінде мектеп алды оқушысы бар ата-ананың көбісі осы айда баласын сүндетке отырғызуға тырысады. Арасында сол баланың ізінен ерген кішкентай інілерін де сүндеттеп, қосарлатып той жасап жататындар да бар. Кейіпкеріміз Күнқияш апа солардың бірі. Қос құлындай тебіскен 6 және 4 жасар немерелерін бір күнде сүндетке отырғызған. Айтуынша, екеуі бір-біріне серік болып, тез сауығып кетеді. Оның үстіне сүндет той жасау әулеттің көптен күткен арманы екен. Сондықтан да олар «екі қоянды бір оқпен атып» қос немересін бір күнде сүнтеттеуді жөн санайды.
Ал, көп балалы ана Жұлдыз Айдаржан 5 жасар Жандосқа циркумзицияны той жасау үшін емес, ата-аналық парызынан құтылу үшін жасатпақ. Айтуынша, «Сүндет-2019» шарасы жайлы телефонына хабарлама келген.
«WhatsАpp-қа сенбі күні тегін сүндет жасатуға болатыны туралы хабарлама келді. Жолдасыммен ойласа отырып, ұлымызды сүндетке отырғызамыз деп шештік. Барлығы тегін болды. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», – деді ол.

БАЛАНЫ СҮНДЕТКЕ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК

Сүндет – ислам дінінде ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Бүгінде әлем тұрғындарының 1,5 миллиардын құрап отырған мұсылмандарды былай қойғанда, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді бірқатар мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу қалыпты үрдіске айналған. АҚШ-тың педиатрлық академиясының ғалымдары 1999 жылы сүндеттің медициналық тұрғыда пайдалы екенін жариялады. Мәселен, сүндеттелгендер арасында жыныс мүшесі обырына шалдығу қауіптілігі 0%. Сүндеттелген балалар арасында зәр жолы қабынуы да өте сирек кездеседі. Бар болғаны 5 пайыз. Сүндеттелген жұптар арасында әйелде жыныс мүшесінің обыры болмайды. Бұл мәліметтер дәрігер Мұхаммед әл-Бар өзінің «Хитан» (сүндеттеу) атты кітабында жазылған. Сонымен бірге, сүндеттеудің несеп-қуық жолдарын сирек кездесетін жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтыны мәлім. Дінтанушылардың сөзінше, ислам дінінде сүндеттелу үлкен мәнге ие. Сондықтан да атам қазақ 1 мен 4 жас аралығындағы баланы осы процедураға алдын ала дайындаған екен. Яғни, әлі сүндеттелмеген баланың кіші дәреті кесіліп тасталуы тиіс артық еттің арасында қалып қоймауы үшін оны сығып тастап отырған. Міне, осылайша біріншіден – инфекциялық аурудың алдын алынса, екіншіден – жеке бас тазалығын сақтаған. Яғни зәрдің іш киімге тиіп, былғанбауына мән берген. Үшіншіден, бала сүндеттелгенше шүмектің басын уқалап, тартып, созып, сүндеттеу рәсіміне дайындаған. Дегенмен дәрігерлер де, молдалар да қазіргі ата-аналардың мұндай дайындыққа мән бере бермейтінін айтады. Себебі, сүндеттелуге келген 5-6 жас аралығындағы кей балалардың жыныс мүшесі «дайын» емес болып шағады. Дегенмен, «шешінген судан тайымбастың» кебін кигендер сүндеттеуден бас тартпайды. Ата-аналық парызын, мұсылмандық міндетін алға тартып, балаларын сүндеттеп жатады. Бірақ ақхалаттылар баланың денсаулығы үшін де, психикасына да кері әсері болмасы үшін оның мұндай процедураға физикалық және эмоционалды дайын болғаны дұрыс дейді.

5 ЖАС ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ ШАҚ

Шымкент қалалық балалар ауруханасының оташысы Сарыбай Сұлтанғалидің айтуынша, жыныстық мүшенің жетілуіне байланысты баланы 5 жастан бастап сүндетке отырғызуға болады. Және де оташы баланы дәрігерлердің сүндеттегені дұрыс дегенді алға тартады.

– Отаны жоғары дәрежелі, тәжірибелі хирургтар жүргізеді. Бала ауырсынбас үшін жансыздандыратын, сезбейтін дәрілер салынады.Құрал-жабдықтар заманауи, залалсыз-дандырылған. Ислам дінінің өзі медицинаны қолдайды. Медицинада тазалыққа көп мән беріледі. Баланың күтімі жақсы болса, ата-аналар біз айтқан кеңестерді бұлжытпай орындаса, жарасы 5-6 күнде, тіпті 2-3 күнде жазылып, бала жүгіріп кетеді,- дейді жоғары санатты хирург.
Әйткенмен, заман ағымына, түрлі сенімдерге байланысты халықтың бірі дәрігерлердің көмегіне жүгінсе, енді бірі көненің көзі молдалардың сүндеттегенін құптайды. Дәрігерлер тұрғындардың баласын кімге сүндеттегісі келетінін өздері біледі, бастысы, бала дұрыс сүндеттелсе болғаны дейді.
Айтпақшы…
Ақхалатты дәрігерлер балалардың арасында сүндеттеліп туылған «ерекше» балалардың кездесетінін де айтады. Көп жағдайда ата-аналары баласының «ерекшелігі» жайлы білмей отаға әкелетін көрінеді. Бірақ, дәрігерлер мұндай балалар сүндеттелуді қажет ептейді дейді. Олардың бұл сөзін молдалар да қоштайды.
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кез-келген адам фитраты (табиғаты) мұсылман болып туылады. Кейіннен қоршаған ортасының, ата-анасының әсерімен олар христиан, яхудей немесе мұсылман болады» деген екен. Яғни Алланың қалауымен, бала сүндеттелген боп туса, шариғаттың талабы орындалғандықтан, қайта пышақ тигізу шарт емес, – дейді Мұхамеджан Естеміров.
Айтпақшы, «Сүндет-2019» қайырымдылық шарасы жыл соңына дейін жалғасын табады. Әр аптаның сенбі күні таңғы 11:00-ден 15:00-ге дейін «Асар» ш/а, қалалық балалар ауруханасының, хирургия бөліміне бара аласыздар. Ота көп балалы және мүмкіндігі шектеулі баланы асырап отырған отбасыларға тегін жасалады.
Ал сіз, балаңызды сүндетке отырғыздыңыз ба?

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Мұхамеджан Естеміров, ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілінің, орталық «Ақмешіт» мешітінің наиб имамы:
– Сүндеттеу – тамыры тереңге кететін діни әдет-ғұрып. Сүндеттеу – ер баланың жыныс мүшесін жауып тұрған қабықшасын кесу. Бұл амалды қазақтардың сүндеттеу деп атауының себебі де сонда жатыр. Сүндет – пайғамбарлардың амалы мен сөзіне қатысты қолданатын арнайы термин. Демек, бұл амал пайғамбарлардан бастау алады. Анығырақ айтқанда, пайғамбарлар атасы Ибраһимнен бастау алатын сүннет. Бала туылған алғашқы айдан бастап жасалатын амал. Алайда, балиғат жасына жетпей жатып та, кейде белгілі бір себептермен балиғат жасынан кейін де жасала беретін амал.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ