«Сүндет» дәмханасындағы атыс: Сот үкімі шықты

191

Шымкентте тапа-тал түсте кафеде орын алған атысқа қатысты сот үкімі шықты. 2019 жылы қаладағы «Сүндет» дәмханасында қанды қырғын орын алып, бір адам ажал құшқан еді. Енді міне екі жылға созылған қылмыстық іске нүкте қойылып, кінәлілер анықталды. Алайда, олардың барлығы жауапқа тартылған жоқ. Сот үкімі шыққанымен екі күдікті әлі де іздестірілуде.

Шымкенттегі атышулы қанды қырғынға ақыры сот нүктесін қойды. Қаладағы «Сүндет» дәмханасында орын алған оқ борасыннан кейін екі күдікті ғана ұсталған. Олардың бірі 32 жастағы Тоқтар Мырзабаев болса, екіншісі 26 жастағы Руслан Рахметов. Қалған екі күдікті әлі іздестірілуде. Ал, қолға түскен екі сотталушының үкімі бүгін оқылды.

ӘБИНҰР ҚАРАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: «Сот сотталушылардың аса ауыр қылмыс жасағанын кінәларан мойындамағандарын, оларға өкініш білдімегендерін, жәбірленуші Бакирова оларды кешірмегенін ескеріп, Мырзабаевты түпкілікті 18 жыл, Рахметовке түпкілікті 16 жыл жазасын өтеу мерзімін тағайындауға үкім етті. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеу деп белгіленді».

Еске салайық, Шымкентті дүрліктірген жағдай 2019 жылдың қазан айында орын алған еді. Қанды оқиға салдарынан бір адам ажал құшты. Судья сөзінше тағы бір адам көзінен айырылып, мүгедек атанған. Бас бостандығынан айырылғандар жарақат алыпты.

ӘБИНҰР ҚАРАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: «Ол медициналық бөлімде жатыр, жүре алмайды. Ал Рахметовтың жағдайы жақсы».

Бірін-бірі аяусыз атқан тараптар дауы әу баста қаржылық пирамида кесірінен басталған екен. «Сүндет» дәмханасында жан тапсырған Бакиров салымшылар сөзін сөйлесе, 18 жылға сотталған Мырзабаев пирамида патшайымы саналатын Нұрқожанованы қорғапты. Айта кетейік, есімі аталған азаматша да қазір сот алдында жауап беруде.

ӘБИНҰР ҚАРАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: «Салымшылар қаржы пирамидасында істейтін Нұрқожанова атты азаматшаға қазір оған қатысты іс қаралып жатыр Ленгір қаласында. Салымшылар қайта қайта келіп, ақшаларын қайтаруды талап еткен кезде өздерімен бірге қылмыстық ортаға жақын адамдарды ертіп келген екен».

Атыс қаруын заңсыз сақтап, адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, бұзақылық ниетпен басқа адамдардың өміріне қауіп төндіріп, өлтірді деген айып тағылған Мырзабаев пен Рахметов бұған дейін де сотты болған екен. Енді олар жазасын барынша қатаң түрдегі мекемеде өтейді. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Назерке Үкібасова