Саны бар, сапасы жоқ. Түркістан облысы «Дарын» мектептерінің саны жағынан республикада бірінші орында тұр. Алайда, күнгейлік оқушылар облыстық олимпиадаларда топ жарғанымен, республикалық сынақтарда сүрініп жүр. Бұл туралы бүгін сала басшысы Рақымбек Жолаев дәстүрлі «Ғылым және білім» тамыз мәслихатында мәлімдеді.

Өңірдегі білім саласын басқаруға жуырда ғана кіріскен Рақымбек Қуатбекұлы жүйедегі жаңашылдықтармен қоса саланы кері тартқан түйіткілдерді де жайып салды. Жолаев мырзаның назарын аударған бірінші мәселе – мектептердегі интернет желісінің сапасыздығы. Айтуынша, қолданыстағы компьютерлер де істен шыға бастаған. Салдарынан ұстаздар тың технологиядан тыс қалып жүр.

Рақымбек Жолаев, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы: “Вай фай ұстамайды, бізге 300 компьютер керек”.

Десе де жауаптылар қолда барды ұқсатып жүр. Төле би, Ордабасы аудандарында былтырғы жылы педагогтар арасында алғаш рет эсперимент жасалған. Мектептерде өтетін кәдуілгі ашық сабақты ақылдасу дәрісіне айналдырған сарапшылар бұл әдістің мұғалімге де, оқушыға да берері мол екеніне көз жеткізді.

Мамандандырылған мектептердегі жағдайды түзетуге де осындай тәжірибелер қажет-ақ. Сынақ кезінде математика пәнінен бірде-бір есепті шығара алмаса да «Дарынды» балаларға арналған мектепте білім алып жүрген оқушылардың жайы сала басшысын да алаңдатып қойды.

Жетісай қаласындағы мамандандырылған «Дарын» мектебінің директоры Төребек Әлиев былтырғы оқу жылында бірде-бір оқушының республикалық олимпиадада топ жара алмағанын жасырмады. Мектеп басшысы бұған шәкірттерді кінәлаудан аулақ.

Төребек Әлиев, Жетісай қаласындағы мамандандырылған «Дарын» мектебінің директоры: “Мұғалімдердің біліктіліктіліктерін жетілдіру қажет”.

Биылғы оқу жылында жаңалықтар жетерлік. Арыс қаласында болған апат білім саласына да өз әсерін тигізбей қоймады. Жарылыс халықтың азаматтық қорғаныстың қарапайым қағидаларын да білмейтінін көрсетіп берді. Осыны ескерген салаға жауаптылар биылдан бастап мектептерге «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық» пәнін енгізіп отыр.

Мақпал Рысбаева