Баспаналарының сапасыз салынғанына наразы «Шымсити» тұрғындары шу шығарды. Көшіп келгендеріне небәрі екі ай болған ел жаңа аудандағы жаңа пәтерден осынша қорлық көреміз деп күтпедік дейді.

Айтуларынша, 9 қабатты үйлердің су құбыры апта сайын жарылады. Мердігерлер де оны жамаудан жалықпай келеді екен. Қазыла-қазыла ой шұқырға айналған аулаға балаларымызды ойынға жіберуге қорқамыз деп шағынған жұртшылықтың жанайқай тыңдап көрдік.

Бұл жасыл қаланың көркін одан әрі келтіреді деген «Шымсити» шағынауданындағы көрініс. Жалпы су құбырының атылуы мұнда алғаш рет орын алып жатқан жоқ. Екі айдан бері 3 күн сайын қайталанып келе жатқан жарылысқа елдің еті де үйреніп кеткен. Тек соның әсерінен тоқтатыла беретін судың тапшылығы олардың сабырын сарқып біткен. Міне бүгін түскі сағат бір шамасында су құбыры қайта жарылды.

Базыналарын осындағы құрылысшыларға айтудан аспайтын ел дауыстарының жауаптыларға жетпей жатқанына ашынады. Бастысы арендалық баспананы елге тапсырған олар іле шала іздерін суытқан.

Тұрғындар тоғыз қабатты жеделсатысыз үйге су тасудан шаршағандарын айтып ашынады. Сөздеріне сенсек, тіршілік нәрінің тапшылығын көріп отырған үйлердің жалпы саны 10. 54 пәтерден тұратын баспанаға негізінен ерекше күтімді қажет ететіндер, тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналар қоныстанған.

Әйгілі «Шымсити» үйлерінің жыры мұнымен бітпейді. Күн сайын құбыр жөндеу үшін қазылатын ауланың да сиқы сын көтермей тұр. Есік алдының құмды жері опырылып түсудің аз ақ алдында. Ал жабылмаған канализация құбырларын көру Шымситиде таң қаларлық жағдай емес.

Назерке Үкібасова