Жаңа көпқабатты үйде ыстық су жоқ

383
Төлеметов көшесіндегі көпқабатты ұйлерде ыстық су жоқ

Қ. Төлеметов көшесінің бойында орналасқан  жеті қабатты үйлерге тұрғындар биыл қоныстанған. Гаухар Сұлтанованың отбасы «Жас отау » кешенінде қоныс тойын тойлағандардың бірі. Жаз бойы ыстық судан қиындық көрмеген отбасы тамыздың 14-нен ыстық суға жарымай отыр.

Гаухар Сұлтанова, Қ. Төлеметов көшесіндегі үйдің тұрғыны: «Тамыздың ортасынан бері  ыстық су жоқ, қиналып біттік. Балаларды жуындыру керек. Су ыстамыз. Ол да шығын. Өзіміз ай сайын баспанамызға төлем жасаймыз. Ол аздай канализация жөндемді жұмыс істемейді».

Ыстық судың болмауын коммуналшылар алдағы жылу беру маусымына дайындықпен түсіндірді. Қыстың алдында жылу жүйелері міндетті түрде сығымдаудан өтуі тиіс. «Осыған орай, ыстық су тамыздың 14-і мен 28-і  аралығында болмайтыны жөнінде хабарландыру да ілінген»,- дейді жылуберушілер.

Асқар Бөлешов, «Қуатжылуорталық-3» МКК өкілі: «Ыстық суды тамыздың 28-іне беруіміз керек болатын кестеге сәйкес. Алайда тұрғындардың өтнішін ескере отырып,  26-шы тамызда «Жас отау» тұрғын үй кешеніндегі үйлер мен «Тұран», Әкімшілік -іскерлік орталығына ыстық су беруге тырысамыз».

Тағы бір өзекті мәселе — жиі толып қалатын кәріз жүйесіне қатысты. Тұрғындар «Жас отау» тұрғын үй кешенін салған мердігерлерге де, пәтер иелерінің кооперативіне де жүгінген.

Гаухар Сұлтанова, тұрғын: «Каналазиацияға қатысты «Отаустрой», КСК-ға бардық. Олар бір-біріне сілтейді. Өткен жолы жаңа үй болған соң тазартты. Бірақ иісі әлі де бар. Жүйені дұрыс жасамаған дейді».

Пәтер иелері кооперативінің директоры мәселеге қанық, арыз түскен бойда барлық мәселені шешіп жатқанын алға тартты. Баспанаға ай сайын қомақты қаржы төлейтін тұрғындар тәуелсіз сарапшылар шақырып, кәріз жүйесіндегі ақауды анықтамақ.

Шынар Оразова