фото 7kun.kz

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті Қазақстандағы әуе билеттерінің қымбаттығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық шаралар жоспары әзірленіп жатыр. Оның ішінде авиабилеттердің қымбаттығы туралы сын айтылған болатын. Билеттердің қымбат болуының негізгі себебі ұшақ санының жетіспеуі және авиаотын құнының қымбаттығы болып отыр. Тариф құнын төмендету үшін биыл 1 мамырда «FlyArystan» отандық лоукостері іске қосылды. Екі айда 340 мыңнан астам билет сатылды, оның жартысына жуығы 10 мың теңгеден төмен бағаға сатылған», — деді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Айбек Әлжанов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, билет құнының қымбаттығы мәселесін түбегейлі шешу үшін Үкімет «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесіп, әуе паркін кеңейту мақсатында «Air Astana» және Qazaq Air сынды әуе компанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлауда.

«Әуе тасымалының өзіндік құнында әуежай қызметі шығындары — 11%, аса көп емес. Өзге мемлекеттік органдармен, атап айтқанда Энергетика министрлігімен авиаотын бағасын түсіру жұмыстары жалғасады. Әзірге үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртқан соң, сұраныс толық қанағаттандырылды. Ресей отынына тәуелділікті азайттық, бұл Қазақстандағы отын бағасын төмендетуге ықпал етті», — деді А. Әлжанов.