26-маусымда ҚР Президенті Үкімет пен Ұлттық банкке әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған халықтың кепілсіз тұтыну несиелері бойынша қарыздарын өтеп беруді тапсырған болатын.
Жарлықты жүзеге асыру мақсатында шілденің 15-де шыққан Үкіметтің Қаулысында қарыздарды өтеу механизмі көрсетілген еді. Ұлттық банк әлеуеті әлсіз санатқа жататын азаматтардың сомаларының кешірілуін қадағалауына алған болатын.
Абылғазы Қалназаров, ҚР ҰБ РММ Шымкент филиалының бөлім басшысы: «Еліміз бойынша 507 мың азаматтың несиесі кешірілді. Оның көлемі 105 млрд. теңгені құрады. Шымкентте 74 мың азаматтың несиесі кешірілді. Оның сомасы 24 млрд. теңгені құраған».
Үкімет бекіткен Кепілсіз тұтыну кредиті бойынша қарыздары кешірілетін тұлғалар:
Көпбалалы отбасылар; Асыраушысынан айырылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар; Мүгедек-балалары бар, 18 жастан жоғары жастағы мүгедектерді асырап отырған отбасылар; Атаулы әлеуметтік көмекті алушылар; Жетім-балалар; Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа дейінгі азаматтар.
Абылғазы Қалназаров: «Қай жағдайда несиелер кешірілмейді: Несиелер коллекторлық агенттіктерге өткен жағдайда. Онлайнзаймдар, Ұлттық банкте тіркелмеген микроқаржы ұйымдардан алынған несиелер».
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі несиесі кешірілетін азаматтардың қосымша тізімін жасайды. Егер осы мәселеге қатысты сұрақтарыңыз туындаса сала министрлігіне қарасты жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтарына жүгінулеріңізге болады.
Шынар Оразова