Жыл басынан бері 1,5 млн. теңгені құрайтын төлемдер толық тоқтатылды. Бұл туралы бүгін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев мәлімдеді. БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте сала басшысы жәрдемақының жайын баяндап берді.
Шымкентте еліміздің ең мұқтаж отбасыларына тиесілі атаулы әлеуметтік көмекті алуға өтініш білдіргендер саны биыл 11 мыңға бір-ақ артты. Жәрдемақыны алуға 74 мыңнан аса отбасы ниет білдірген. Бүгінгі күнге 53 мыңға жуық отбасына 45 млрд. теңгеге жуық қаражат тағайындалған. Салаға жауаптылар 9 мыңнан аса өтінішті кері қайтарған. Себебі, үкіметтің қаржылай қолдауы жағдайы төмен отбасыларының тұрмысын түзеуі үшін қаралғанын айтады.
Ғалымжан Балтаев, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Масылдыққа жол берілмеуі керек. Көмек алушылардың ішінен жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтылуға жататын 18 859 адаммен әлеуметтік келісімшарттар толық түзілген».
Салаға жауаптылардың сөзіне қарағанда, жәрдемақыны алу үшін шымкенттіктер түрлі құйтырқылықтарға барып жатыр. Мал-мүлкін жасырғаны былай тұрсын тіпті табыс әкелетін кәсіптеріне дейін құжатта көрсетпейді дейді шенеуніктер.
Мұндай деректерді басқарма өкілдері жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы тексерулерге шыққанда әшкерелейді екен. Осындай шаралардың нәтижесінде қазір 70 млн. теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылған.
Дархан Беласров, Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры: «Бір азаматтың көлік жөндеу орталығы, асханасы бар болып шықты. Оны арнайы тексеруге шықпасақ білмейтін едік».
Сала басшылары атаулы әлеуметтік көмек алдағы уақытта тұрмысы төмен отбасының жағдайын жақсартуға сеп болу үшін қазір еңбекке қабілетті тұрғындарды жаппай жұмысқа тартып жатыр. Жәрдемақы алғандардың кәсіп ашып, өз-өзін қамту үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру шараларын қолға алған.
Мақпал Рысбаева