Шымкентте хабарлау құрылғыларын орнату үшін 500 млн. теңге керек

173

Арыстағы әскери қоймада орын алған жарылыс азаматтық қорғаныс мәселесіне өз деңгейінде көңіл бөлінбегенін айқындап бергенін мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында атап өтті.

Арыстағы апат соңғы он жылда елде болған ең алапат оқиға. Әлеуметтік желіде тараған таспаларға қарап жарылыстың алғашқы сәттерінде тұрғындар бет-бетімен босып, олардың қауіпті аймақтан ұйымдасқан түрде көшіру шарасының кешеуілдегені көзге ұрып тұр.

Арыс оқиғасы Президент жолдауында да айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногенді сипаттағы апаттардан қорғау мәселесіне баса мән берілетінін айтты.

«Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек. Үкіметке азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын Ішкі істер органдарын реформалау үшін берілетін қаражат есебінен көбейтуді және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 млрд. теңге бөлуді тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Арыстағы қару қоймасындағы жарылыс туралы әлеуметтік желіден білген ардагерлер оқиға орын алған сәтте желіде таралған алғашқы кадрларға кәсіби сараптама жасап берді.

Азаматтық қорғаныс штабын көп жылдар бойы басқарған Владимир Витков бүгінде бұл салаға тиісті көңіл бөлінбей тұрғанына қынжылады. Кезінде жеке құрылым болған азаматтық қорғаныс қазір төтенше жағдайлар комитетінің құрамында. Ал олар өрт сөндіру, оқу жаттығуларынан әріге аса алмай келеді.

Владимир Витков, азаматтық қорғаныс ардагері: «Азаматтық қорғаныс қазір бар ма? Дөп басып айта алмаймын. Біз қызмет еткенде қорғау нысандарын салып, радиациядан қорғану және қорғаныс баспаналары болатын. Азаматтарды сол жерге жеткізу бойынша оқу жаттығулары өтетін».

Сейсмикалық аймаққа жататын Шымкентте жер сілкінісі, су тасқыны орын алса миллионнан астам халықты құтқару міндеті Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментіне жүктеледі. Құрамында 900 қызметкері бар құрылым тұрғындарды құлақтандыруы тиіс.

«Шымкент қаласында құлақтандыратын құрылғылар жеткіліксіз. Қазір 19 жаңа құрылғы қолданыста. Қала аумағы да кеңейді, халықтың саны да өсті. Сирена жетпейді» дейді
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы.

Жаңадан пайда болған шағынаудандар мен Шымкентке қосылған елдімекендерге халыққа хабарлау құрылғыларын орнату үшін 500 млн. теңге керек екен. Қажетті қаржы келесі жылдың бюджетінен қаралады. Оған дейін миллион тұрғыны бар мегаполисте апат болмасын деп тілейік.

Шынар Оразова