Шымкенттегі халықтың 80 пайызға жуығы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Осылай деп мәлімдеген тілдерді оқыту орталығы қазақ тілін меңгергісі келетіндердің саны жылдан жылға артып жатқанын айтады. Ақпаратқа сүйенсек, олардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері екен. Қазақ тіліне осындай құрметпен қарайтын этнос өкілдерін бүгін қала әкімі Ерлан Айтаханов марапаттады.

Абайдың «Сегізаяғын» айтқанда еш қазақтан кем түспейтін бұл жігітті өзіміздің қаракөздерден айыру қиын. Бір қарағанда алаш ұрпағына ұқсайтын оның ұлты кәріс. Оған қазақ тілін үйренуге ештеңе кедергі бола алмапты. Керісінше, өмір жолында қазақ қызының жүрегін жаулап, жұмыс бабында жетістіктерге жетуге жол ашқан.

Тимур Пак, марапатталушы: «Бірінші сыныпқа барғанда әке-шешем мені қазақ сыныбына берді. Қазақстанда тұрып жатқандықтан біз қазақ тілін міндетті түрде өзге ұлттар білуіміз шарт. 7-сыныптан бастап Абайдың қара сөздерін жаттап, жарыстарға шыға бастадым. Өз тілін білмейтін қазақтарға енді біз қазақша сөйлегеннен кейін ол кісілер өздері ұялатын шығар деп ойлаймын. Өз тіліңді құрметтемесең, басқа кім құрметтейді?».

Мемлекеттік тілді қолдап жүрген шымкенттіктерді бүгін Ерлан Айтаханов мерекеге орай өткен форумда марапаттады. Олардың арасында мектеп директорлары, журналистер мен қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері де бар.

Ерлан Айтаханов, қала әкімі: «Шымкентте тілдерді үйренушілердің саны биыл 2000-ға жуықтаған. Тілдерді оқыту орталығында олардың қазақ қана емес, ағылшын, орыс тілдері мен латын қаріптерін меңгеруге мүмкіндігі бар”.

Нұрила Жұманова, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры: «Бүгінгі форумда сөз алатын өзге этностың 3 өкілі 3 үш түрлі салада жұмыс істейді. Біздің тіл үйренушілеріміз. Олар өздерінің білім деңгейін әрі қарай жетілдіріп, жоғары деңгейге дейін жетуге оқып жатыр. Жалпы өзге этностардың тілді меңгеруге деген ынта-ықыласы өте зор».

Орталықтың жүргізген сауалнамасы бойынша Шымкент халқының 80 пайызы қазақтілді. Ал, тұрғындардың 62 пайызы орыс тілінде еркін сөйлейді. Ал, ағылшын тілін меңгергендер 11 пайызды құрайтыны анықталды.

Назерке Үкібасова