Бүгін халықпен жүзбе-жүз кездесу шарасы аясында Түркістан облысының прокуроры Н.Әбдіров Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесіп, 12 азаматты жеке қабылдады.
Жеке қабылдау «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында аудан әкімі, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдары басшыларының қатысуымен өткізілді.

Азаматтарды қабылдау барысында сұрақтардың басым көпшілігі әлеуметтік мәселеге, соның ішінде жеткілікті қамтамасыз етілмеген жанұялардың әлеуметтік жәрдемдерді алудағы қиындықтары, ауылдағы жұмыссыздық, жолдардың жөнделуі және көшелерді жарықтандыруға қатысты болды.

Қаралған әрбір мәселе жөнінде тиісті ұсыныстар мен түсініктемелер беріліп, ал прокуратура қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар облыс прокуроры жергілікті атқару және құқық қорғау органдарының басшылығымен кездесіп, өңірдегі ауыр қылмыстар мен мал ұрлығы және жол-көлік оқиғаларына қатысты қылмыстарды төмендетуге байланысты атқарылатын жұмыстар туралы сұрақтарды талқылады.

Сондай-ақ, облыс прокуроры кездесуде пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару және жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мәселесін түбегейлі шешу жөнінде тапсырмалар берді.

Кездесудің нәтижесінде мемлекеттік органдарға елді мекендерге шығып, халықпен кездесу арқылы оларға тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін облыс прокуроры ерекше атап өтті.