Қала әкімінің қабылдауына 200-ден аса тұрғын келді

33

Көрме орталығында қала басшысының жеке қабылдауы өтті. Шараға 200-ден аса тұрғын қатысуға ниет білдірген. Жиын барысында тұрғындар нендей мәселе көтерді?

Қала басшысының қабылдауына келіп, мәселесін шешуді сұрағандар саны бұл жолы да аз емес. Солардың бірі Достық шағынауданының тұрғыны – Сайғынгүл Асан. Ол балалар алаңшасында бүлдіршіндер құлап, жараланып жатқанын айтады. Сондықтан нысанды басқа орынға ауыстыруын сұрай келіпті.

Сайғынгүл Асан, Шымкент қаласының тұрғыны: «Айқайлап, қырылысып жүріп, әкімдіктен 16 жыл дегенде сұрап жүріп салдырып алдық. Салды. Бірақ айттық салып жатқанда бұл жер қауіпті деп. Себебі алаңша жоғары кернеулі электр сымның астына тұр. Енді жаңбыр жауса балаларды ток ұрып жатыр. Балалардың бәрі сонда барып ойнайды. Ойын алаңшасының астына ештеңе төселмеген. Балалар сырғанап басын жарып алып жатыр. 7 баламызға ток ұрып, құлап, қазір шошып оянатын жағдайға жетті»

Қабылдауға келген шымкенттік кәсіпкер ауыл шаруашылық мәселесін көтерді. Ол жеке кәсібіне қатысты шешілмеген түйіткілді проблемасына қатысты сұрақтарына толыққанды жауап алдым дейді.

«Менің күйеуім ауыл шаруашылығымен айналысады. Соған келдім.

– Мәселеңіз шешілді ме?

  • Иә,шешілді. Рақмет деп отырмын» – дейді қала тұрғыны.

Ал ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы сұрақтарға дер кезінде жауап беріп жатқанын жеткізді. Ол егер қажет болса, арнайы құрамды проблемалық аймаққа жөнелтеміз деп отыр.

Әбунасыр Жанбатыров, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Иттерге, несиелендіру, көршісінің малына шағым жасап келгендер бар. Ауыл шаруашылығына байланысты сұрақтар қойып жатыр. Тыңдап жазып алып жатырмыз. Қажетті мамандарға тапсырамыз. Керек жер болса бригадамызды жібереміз».

Айта кетейік, қала тұрғындарын қабылдауға 200-ден аса адам өтініш қалдырған. Келушілермен көрме орталығында барлық басқарма басшылары тілдесіп, арыз-шағыман тыңдады.