Министрдің жеке қабылдауында кәсібіне субсидия сұрағандар көп болды

34

Табиғат жанашырлары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің жеке қабылдауында болды. Басым бөлігі шаһардың ауасын ластайтын кәсіпорындарға тексеру жүргізуді сұрады. Тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмайтыны анық. Сондай-ақ, орманшылардың статусын көтеріп, жалақысын арттыру мәселесі де айтылды. Тұрғындарды қабылдаған министр жергілікті БАҚ өкілдерімен де кездесті.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сәйкес атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын 2025 жылға дейін 20 пайызға төмендету көзделген. Бүгінде оның лимитін өзгерту туралы жоба әзірленуде. БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің сөзінше, Президенттің бастамасымен өткен жылы 2 млрд. ағаш отырғызу жұмысы басталған. Бұл жұмыс 5 жыл ішінде іске асады екен.

Ал биыл  елді мекендерді көгалдандыру аясында Шымкенттегі жоспар артығымен орындалған. Яғни 120 мың дана ағаш орнына 166,3 мың-жасыл желек отырғызылыпты.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Біріншіден барлық қаланың экологиялық проблемасы бізге белгілі. Әкімдікпен бірге жол картасын әзірлеп бекітеміз. Сол бойынша нақты экологиялық проблеманың шешу жолдары көрсетіледі. Ол жағынан бірлесіп әкімдікпен жұмыс жасап жатырмыз».

Тілшілердің сұрағына жауап берген соң министр қала тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Олардың қатарында министрден кәсібіне қолдау сұрағандар да болды. Сондай-ақ кейбір азамат субсидия мәселесін көтеріп, экологиялық кодекске өзгерту ретінде бірқатар ұсынысын да ресми түрде жолдады.

Ал Түркістан облысында өткен жеке қабылдауға үлгермей қалған Өтепберген және Асқар Қыстаубаевтар министрмен жолығу үшін Шымшаһарға арнайы келген. Әкесі мен баласы бұл саладағы бірқатар кемшілікті шешіп беруін сұрады. Ал Асқар Қыстаубаев өзін жұмыстан негізсіз шығарылғанын айтып, министрден қызметке қайта оралуына сеп болуын сұрап отыр.

Асқар Қыстаубаев, Түркістан облысының тұрғыны: «Кешегі күні мені заңсыз жұмыстан шығарып отыр. Себебі, біздің 2018 жылы барлық тозығы жеткен жекеге берілген нысандардың барлығын Республикалық меншікке қабылдағанбыз. Көбісінің гидрапосттары жоқ. Сол жоқ болғанға инспекциядан айыппұл салынды. Соған мені кінәләп, мекеме басшылығы тарапынан біздің басшымызға жалған ақпарат беріп, мені үлкен көлемде шығын келтірді деп жұмыстан шығарып жатыр».

Министр қабылдауда болған азаматтардың мәселесі назардан тыс қалмайтынын айтады. Ал жеке жоба және заңға ұсынған өзгертулері туралы нақты шешім министрліктің ресми сайтында жарияланатын болады.

Азиза Өтеулиева