Түркістан облысынан Шымкентке 14 тоннаға жуық азық-түлік әкелінді. Ал, жәрмеңкеге жеткізілген тауарларды алу үшін қалалықтар Орталық стадионға таң атпастан ағылды. Олардың арасында қала әкімі де бар. Жәрмеңкедегі бағаның базардағыдан арзан екенін алға тартқан Ерлан Айтаханов үйдегі асхана шаруасына араласпайтынын да айтты.
Аптаның әр сенбісінде шымкенттіктер орталық стадионға азық-түлік алу үшін ағылады. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жәрмеңке аумағы бұл жолы ұлғайып, тағы бір көшені алған. Осы жолы күзгі өнімін жетісайлықтар мен түлкібастықтар әкеліпті.
Мұнда 1 тонна ет өнімдері, 7,5 тонна көкөніс, 1 тоннаға жуық сүт өнімдері, 4 тонна бақша өнімдері және 500 кг жеміс-жидек ұсынылды. Оларды алуға келгендердің айтуынша бағалардың дүкендегіден айтарлықтай айырмашылығы жоқ.
Өңірдің маусымдық азық-түлік жәрмеңкесін тамашалауға келгендердің арасында Ерлан Айтаханов та бар. Оның сөзінше жәрмеңкедегі баға базардағыдан әлдеқайда арзан.
Облыс шаруаларының өнімі қаламызда келесі айдың соңына дейін саудаланбақ. 26 қазанға дейін Шымкенте 12 ауданның өнімдері әкелінбек.
Назерке Үкібасова