Мүмкіндігі шектеулілер тұратын 9 қабатты үйдің жедел сатысы әлі күнге дейін іске қосылмады. Қолданысқа берілгеннен бері жүрмеген лифтті жауаптылар бір аптаның ішінде жүргіземіз деген. Бірақ, тілшілер алдында халыққа берілген уәде екі жұмадан бері жүзеге аспаған. Салдарынан көшіп келгелі үйінен шықпаған кей жандар әліге дейін төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр.

Талғат Тілеубаевтың жаңа пәтерге көшіп келгеніне бір жыл. Төртінші қабатта тұратын жігіт ағасы содан бері төрт қабырғаға телміріп, далаға шығудан қалған. Себебі ол тұратын 9 қабатты үйде жеделсаты істемей тұр. Салдарынан арбаға таңылған Талғат аға үшін таза ауаға шығу тек арман.

Талғат Тілеубаев, қала тұрғыны: «Осы үйде тұрып жатқанымызға 1 жыл болды. Желтоқсан айында келдік, содан бері сыртқа шыға алмай жатырмын. Білесіздер жаз ыстық болды. Бір өтініш лифтті жөндетіп берсеңіздер».

Мемлекеттен әлеуметтік үй алғандардың қатары мұнда бір тұрғынмен шектелмейді. Нұрсәттағы 93 үйге негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар қоныстанған. Ай сайын ақысын төлеп, арендалық баспанада тұрғанымен олардың бұл үйге тағар сыны көп.
Зебен Сабырова, қала тұрғыны: «Бұл жерде тұратындардың жарты мүмкіндігі шектеулі жандар. Менің үйімде 2 мүгедек бар. 6 – этаждан түсеміз. Оған 40 минут кетеді. Не деген сұмдық? Инсульт алған адамдар бар. Балдақпен жүрген адамдар бар. Барлығы ауру».

Жеделсатысы істен шыққан 9 қабатты үй тұрғындарының жанайқайын бұған дейін де айтқанбыз. Жауаптыларға жұрттың жағдайын жеткізгенімізде, олар қозғалыссыз тұрған жеделсатыны бір аптаның ішінде іске қосылады деп уәде берген еді. Оның орындалуын күтіп, телмірген тұрғындар «баяғы жартас сол қалпы» тұрғанын айтады.

Дархан Ақұмбаев, «Достар» компаниясының маманы: «Біз өз қарамағымызға алып, Қытайға тапсырысы беріп, жөндеп жатырмыз. Қытайдан келеді. Көп құрылғысы жоғалған».

Осылайша жоғалған құралды іздеп сабылған жауаптылар әлі де уәде беруден танбай келеді. Сөздеріне сенсек, мемлекет қаржысына қондырылған жеделсаты енді бір айдың көлемінде іске қосылмақ. Мүмкінідігі шектеулі жандарға берілген 9 қабатты үйдің мәселесі біздің арнаның назарында болады.

Назерке Үкібасова