Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғын келіп, белгісіз азаматтар көлігінен құрал-жабдықтарын жымқырып, оқиға орнынан ізін суытқандығы жайлы айтып, арызданады.
Жәбірленушінің айтуынша, ұсталған азамат пен жәбірленуші көліктерімен келе жатып жолға таласып қалған. Күдікті көлігімен жәбірленушінінің көлігін еріксіз тоқтатып, қоқаң-лоққы көрсеткен. Осылайша жәбірленуші күдіктінің іс-әрекетінен үрейленіп, көлігін тастап қаша жөнеледі. Ал, бұл жағдайды өз пайдасына асырған күдікті тұлға қараусыз қалған көлікті емін-еркін тонайды.
Нәтижесінде күдікті жәбірленуші тарапқа 300 мың теңге көлемінде шығын келтіреді. Аталған жайтты Қазығұрт АПБ-нің полицейлері ҚР Қылмыстық Кодексінің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алады.
Бірден бағыт алған полицейлер жедел әрекет етіп, қылмыскерді құрықтауға қажетті деген іс-шаралардың барлығын дерлік атқарады.
Осылайша, жедел жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 3-4 сағаттың ішінде күдікті тұрғылықты мекен-жайында құрықталды. Полицейлердің анықтағанындай, ұсталған жігіт көрші ауылдың тұрғыны болып шықты. Оның үйін тінту барысында айғақты зат ретінде жәбірленуші көлігінің магнитафоны, рациясы, автокөлік басқаруға берілген құжаттары табылды. Тәркіленген заттар заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда аталған іспен Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің тергеушілері айналысуда. Қылмыстық іске байланысты жинақталған барлық құжаттар жақын арада сотқа жолданатын болады.
Өз кезегінде облыс сақшылары автокөлік тізгіндегенде өзге көліктермен бәсекелесіп, жылдамдықты асырудың салдарынан, өзіңіздің және өзгенің өміріне қауіп төндіретіндігіңізді ескертеді. Заң бұзған әрбір азаматқа әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, осындай оқиғаларға тап болсаңыз, немесе оның құрбаны болып, қылмыстық әрекеттерге куә болсаңыз міндетті түрде полицияның «102» нөмірлі жедел желісіне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде қылмыскерді құрықтауға септігін тигізеді.
Сонымен қатар, жолда жүргенде неғұрлым абай болып, ашуға бой алдырмай, сабырлық танытқан жөн. Есте сақтаңыз, жол қателікті кешірмейді!