Шымкентке әлемнің 6 елінен былғары қолғап шеберлері келді. Боксшылар Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдіәлиевті еске алуға арналған турнирде бақ сынайды.Осымен 40-рет жалауын көтерген халықаралық жарыс мақсаты биылғы маусымды қорытындылап, лайықтыларды ел құрамасына іріктеу.
Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдіәлиевті еске алуға арналған жарысқа биыл 100-ден астам боксшы келді. Қазақстанның 9 облысынан бөлек, шаршы алаңда Қытай, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Моңғолия спортшылары да сынға түспек. Ал, дәл осы халықаралық турнирде 40 жыл бұрын жеңіске жеткен чемпиондар жарысқа шыққалы тұрған спортшыларға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Виктор Троцан, жарыс қонағы: «Қарақозы Әбдіәлиев атындағы жарыстың біздің өмірде алар орны бөлек. Себебі халықаралық турнирдің алғашқы жарысында жеңіске жеткен болатынбыз. Осылайша спорт жолымыз басталды. Міне бүгін арнайы шақырту алып, құрметке бөлендік. Бәсекеге келген әр боксшыға сәттілік тілейміз».
Ересектер арасындағы халықаралық жарыс жолына бірінші болып Шымкент қаласы мен Ақмола облысының боксшылары шықты. 3 тайм нәтижесінде жерлесіміз жеңіліп, төрешілердің басым дауысымен Ерназ Рахметуллин келесі кезеңге жолдама алды. Бокстан спорт шеберлігіне үміткер былғары қолғап шебері жастар сапынан ересектер арасына биыл қосылған екен.
Ерназ Рахметуллин, бокстан спорт шеберлігіне үміткер: «Шымкенттегі бұл турнирге алғаш рет келдім. Бұл мен үшін өте жауапты жарыс. Себебі бәсекеге қатысушылар әлемнің әр аймағынан жиналған. Осылайша мықты қарсыластармен жұдырық түйістіріп, тәжірибемді шыңдамақ ниеттемін. Ал, алғашқы кездесуге келсем, қиын болды. Жергілікті спортшы. Өте тәжірибелі екен».
Халықаралық турнир жеңімпаздары 31-қазан күні анықталады. Ал, топ жарған қазақстандық спортшылар ел құрамасына іріктеледі.
Назерке Үкібасова