Қала әкімі Ерлан Айтаханов соңғы уақытта үлкен мәселеге айналған «Орталық қырғы базарындағы» ретсіз сауда орындарын аралады.

Аралау барысында қала басшысы сатушыларға жаяу жүргіншілерге арналған жолда тұрмауын және базар басшылығы тегін орынмен қамтамасыз ететінін жеткізді. «Біз мегаполис қаламыз. Келер жылы шаһарымыз ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы отыр. Сол себептен де қаладағы ретсіз, жабайы сауда орындары жоюлуы керек. Бұл біріншіден заңсыз, екіншіден басқа тұрғындарға қауіпті. Аталған аумақтағы кептеліс те осының салдарынан орын алуда» деді Ерлан Қуанышұлы.

Кездесуде базар әкімшілігі сауда иелерінің сұранысын қанағаттандыру мақсатында 2 айға дейін сауда нүктелері үшін бірде бір төлем алмайтындығын жеткізді.
«Барлығы да халық үшін жасалуда. Өркениетті елде тұрып мұндай әрекет жасауды тоқтатуымыз керек. Біз шаһар көркіне көлеңке түсірмей, тазалықты сақтап, қауіпсіздікті мейлінше күшейтуіміз тиіс» деді өз сөзінде Е.Айтаханов.

Кездесуді қорытындылаған қала әкімі жол жағасында жаймасын жайып, заңсыз сауданы қыздырғандарды дер кезінде реттеуді аудан әкімдігі мен тиісті сала басшыларына қатаң тапсырды.

Айта кетейік, алдағы уақытта «Орталық қырғы базары» алдында абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.