Оңтүстікте газет оқитын, телеарна көретін аудиторияның үлесі басым — Әйгерім Жұмағұлова

Оңтүстік өңірінің оқиғаларын, халықтың айтарын уақытылы әрі жан-жақты жария етіп, аймақтың адуынды медиакомпаниясына айналған «Отырар» медиахолдингіне 27 жыл толды. Сонау тоқырау жылдарында негізі қаланып, атауы бірнеше рет өзгеріп, журналистикаға жанын берер азаматтардың ерік-жігерімен ел білетін, жұрт танитын телеарнаға айналған Отырар TV арнасының мерейлі тойы, күні ертең, дәлірегі 1 қарашада тойланады.

«Отырар» медиахолдингінің директоры Әйгерім Жұмағұлова айтқанындай, жасқа да, кәріге де, үйге де, түзге де ұнайтын, көбі қарайтын, биліктің емес, халықтың үніне айнала білген телеарна 27 жылдық мерейтойын біршама жаңалықпен қарсы алғалы отыр.

— Медиахолдингті, жалпы медиакомпанияны басқару аса жауапты іс, қиын міндет. Егер сіз басқарып отырған медиа мемлекеттік емес, жекеменшік болса, онда бұл жауапкершілік тіпті еселенеді. Мен «Отырар» медиахолдингін басқаруға бір жыл бұрын, яғни өткен күздің соңында келдім. Компанияның қаржылық жағдайы ауыр, контент тапшы уақыт еді. Тығырықтан шығар жол іздеген сәттеріміз көп. Жанымдағы әріптестерім, достарым ең қиын сәттерде қолдау сөзін айтып, демеп отырды. Міне, бүгін медиакомпаниямыздың жағдайы жақсарды, қаржылық әлеуеті тұрақты. «Кәсіби қызметімдегі аса бір қиын сынақты сәтті еңсердім» деп айта аламын. Бұған дейін мықты медиахолдинг боп келдік, қазір де мықтымыз, алдағы уақытта да осы қалпымыздан танбай, көрерменімен бірге жасайтын, оқырманымен қатар жүретін, аудиториясына етене жақындай түсетін медиахолдинг бола береміз,-дейді директор.

Сонымен «Отырар» медиахолдингі — құрамына Отырар TV телеарнасы, «Оңтүстік Рабат» және РАБАТ газеттері, otyrar.kz сайты, OtyrarTV ютуб-арнасы мен otyrarkz инстаграм-парақшасын біріктірген іргелі медиакомпания. Осылайша, дәстүрлі медианың да, жаңа медианың да барша жетістігін мейлінше қамтыған. Әйтпесе, заман көшінен қалып, аудитория талабы мен қалауына жауап бере алмас еді. Мұны Отырар медиахолдингінің негізін қалаған бұрынғы басшысы Валентина Куприяновна Куликова да, бүгінгі басшы Әйгерім Жұмағұлова да жете түсіне білді. Сондықтан да Валентина Куликованың конвергентті журналистика форматындағы жұмысын бүгінгі басшы Әйгерім Жұмағұлова да қолдап-қуаттап, сонымен қоса медиаконтенттің Youtube пен Instagramда таралуына баса мән берді.

Осы орайда телеарнаны 25 жыл басқарып, жоғары биігіне көтерген Валентина Куприяновнаға хабарласып, өткенді еске түсіріп, бүгінге баға беруін сұрадық.
– Телеарна өте қиын жағдайда құрылды. Әйтсе де 7 адамнан тұратын энтузиаст жандардың ерік-жігері мен туған қаласы Шымкент туралы бәрін білгісі келетін көрермендердің ықыласы негізінде телеарна жұмысын бастады. Әуелі электр қуаты да болмай, қосымша генераторлар көмегімен хабар тараттық. Көрермендеріміз кешкі сағат 19:00-де жаңалық кешігіп қалса, дереу редакцияға хабарласатын. Бірақ, жаңалық шықпай қалған кез болған емес. Кейін келе жеті адаммен басталған редакция құрамы ұлғайып, 25 адамға жетті, сосын ұлғайып 100 адамнан асты. Отырар TV болғанға дейін телеарна атауы бірнеше рет ауысты. Әуелде «Пятый канал» деп аталды. Сосын «Авторское телевидение» болды. Кейін «Караван» атанды. Ақырында Отырар TV атауымен бекіп, жалпыға танылды. Біздің басқа телеарналардан ерекшелігіміз – арнайы сатып алған жиілігіміздің болуында да еді. Отырар TV құлашын кеңге жайып, аймақтағы ең танымал телеарнаға айналды. Internews Kazakhstan ұйымының қолдауымен, кадрлар дайындап, оқытып, соның арқасында республикаға белгілі болды. Сол телеарна құрылып басталған кездегі мақсатымыз – халыққа ақпарат тарату, қарапайым адамдардың өмірін насихаттау еді. Сол мақсатымыздан айнымай, телеарнаның бұқараға арналған арна екенін әрдайым назарымызды ұстадық. Қай жерде қандай оқиға болмасын, алғаш біздің тілшілер жететін. Сондықтан да жылдам әрі жан-жақты ақпарат тарата білдік. Халық барлығын уақытылы білуін қаладық. Редакцияның сюжет жасаудағы ең басты стандарты – оқиғаның, мәселенің бар тараптарын сөйлету болды. Мәселенің ортасында қалғанды да, ол мәселе кімнің ісі екенін де және соны кім шешетінін де анықтап, бәрін сөйлетуді әрдайым ескеріп, журналистиканың этикасын сақтай білдік. Бұл қазір де жалғасып жатыр. Бүгінгі медиаға интернет еніп, ақпараттың таралуы көп өзгеріске ұшырады. Интернеттің келуі телеарнаның дамуын тежемейді, кедергі келтірмейді, керісінше мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан да интернетпен достасып, тірлік қылу маңызды. Телеарна өлмейді, жойылмайды, қоғам бар жерде жасай береді. Телеарна интернеттің, технологияның бар мүмкіндігін молынан пайдалануы тиіс,- дейді Валентина Куликова. Ол бүгінде «Су ресурстары-Маркетинг« ЖШС-нің қоғаммен байланыс бөлімін басқарады.

Медиахолдинг директоры Әйгерім Жұмағұлова айтқандай-ақ, бүгінгі медианарықтағы өзгерістер, әлеуметтік медианың қоғам өміріне дендеп енуі, адамдардың жаппай смартфон ұстап, интернетке шығуы – дәстүрлі медиаға жаңа сынақ болып отыр. Неліктен бұлай екенін өз сөзінде былай таратты.

– Дәстүрлі медиа мен жаңа медиа бір-біріне қырын қарамай, керісінше үйлесіп, үндесіп әрекет етуі, бір-бірінің мүмкіндіктерін етене қолдануы даусыз қажеттілік. Мен басқаратын «Отырар» медиахолдингі аталған екі медианың да артықшылықтарын өзіне алып, аудиторияға мейлінше жақындап, аудиториясымен бір болуды мақсат тұтады және сол бағытынан танбай жұмыс істейді. Біз – конвергентті редакциямыз. Мұнда мықты мектеп бар. Конвергентті редакция болғандықтан бір тілші телеарнаға сюжет түсіріп, газетке мақала жазып, сайтқа материал әзірлеп, әлеуметтік желіге пост дайындай біледі. Медиахолдинг құрамындағы «Отырар TV» телеарнасы, «Оңтүстік Рабат», РАБАТ газеттеріне әзірлеген контентті otyrar.kz сайты, Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына, Youtube видеохостингіндегі арнамызда, Telegram каналымызда таратамыз. Контентімізді аталған платформалардың қалауына бейімдейміз. Бұрын ақпарат дәстүрлі түрде таралса, қазір онлайн-платформалар қатары көбейді. Аудитория әртүрлі платформаларда отырады. Сондықтан да әзірлеген контенттің сол түрлі платформаларда таралуы маңызды. Біздің мақсатымыз да «аудитория керегін өзі тауып алсын» демей, керісінше сол аудиторияға жетуі үшін контенімізді жан-жақта жариялау. Осылайша аудиториямыздың көлемін ұдайы кеңейтіп, көрсеткіштерімізді тоқтаусыз өсіріп жатырмыз. Біз жекеменшік медиа болғандықтан да аудитория саны мен сапасы жарнама берушілерді тартуда үлкен рөл атқарады. Әрбір жарнама беруші кіріс көзімізге айналады, осылайша қаржылық жағдайымызды реттейміз. Қазіргі статистикалық деректер көрсеткендей, Шымкент қаласында да, Түркістан облысында да дәстүрлі медианы қарайтын, яғни телеарна көріп, газет оқитын аудитория үлесі әлі де басым. Сонымен қатар Youtube пен Instagram аудиториямыз ұдайы өсіп келеді. Youtube арнамызда 160 мыңға жуық жазылушымыз бар. Осы үшін де Youtube әкімшілігінен арнайы «Күміс батырма» алдық. Биылғы қаралым саны 30 млннан асты. Осылайша, Оңтүстік өңіріндегі медиалар арасында ютуб-каналы ең танымал әрі аудиториясы үлкен телеарнаға айналдық. Instagram парақшамыз да қыз-қыз қайнаған ортаға айналды. Сондағы 60 мыңға жуық жазылуышымыз тұрақты әрі белсенді. Аталған платформалармен жұмыс жүргізу нәтижесінде, аудиториямен кері байланыс нығайып, жаңа сапаға көтерілді. Жазылушыларымыз бізге тақырып ұсынып, проблемаларын баяндайды. Телеарнаға, газет редакциясына келіп, өз жағдайын айтады. Біз соны жан-жақты жариялап, шешімін табуына сеп боламыз. Осылайша, аудиторияның сеніміне ие болып отырмыз,-дейді «Отырар» медиахолдингінің директоры Әйгерім Жұмағұлова

Отырар TV телеарнасының көзірі – «Ақпарат» жаңалықтар қызметі. Шымкент пен Түркістанның күнделікті тыныс-тіршілігін қалт жібермей бақылап, жұрт білуге тиіс ақпаратты сәтінде хабарлайтын «Ақпараттың» редакторы Бекжігіт Мәуленовтың айтқанындай, телеарнаның тұрақты көрермені қалыптасқан. Өз жанкүйері, көрермендері бар.
– Отырар TV телеарнасының басқа арнаның жаңалықтарымен салыстырғанда ешқандай артықшылығы не кемшілігі де жоқ. Арнаның ашылғанына 27 жыл болса, соңғы 20 жылда «Отырар» ең танымал телеарна болып келеді. Телеарнаның көрермендері арасында қала тұрғындары көп. Бір сөзбен айтқанда, Шымкентте бренд ретінде қалыптасып, брендке айналған телеарна. Міне, сондықтан да көрерменнің Отырарға деген ықыласы ерекше. Ақпарат дегеніміз тауар. Тауар болғанда да тез бұзылатын тауар. Дер кезінде тұтынушысына жеткізбесеңіз, ол ескіріп қалады. «Ашып кетеді». Сөйтіп жарамай қалады. Кез келген телеарна ел білуі керек шұғыл ақпарат шықты ма, дер кезінде көрерменге жеткізуді үйрену керек. Сол арқылы рейтинг жинайды. Мысалы кешегі Арыстағы жарылыс оқиғасында әр 15 минут сайын тікелей эфирге шығып, шұғыл ақпараттарды беріп отырдық. Тіпті басқа бағдарламаларды тоқтатып, соның орнына «breaking news» жасадық. Телеарнада жұмыс солай жүреді. Бір жерде халық білуі тиіс оқыс оқиға болды ма, жаңалықтар басты назарға шығуы міндет. Бұл ең алдымен көрерменнің сенімін қалыптастырады. Біздің арна сондай оқыс жағдайда шұғыл хабар таратуға дайынбыз. Шұғыл шығарылым болатын кезде журналистердің арасынан жұмыс жасайтын топ бар. Олар өз міндеттерін біледі. Әрқайсысы әр жаққа хабарласу арқылы ары кетсе 15 минуттың ішінде көрермен сұранысын бере аламыз. Отырардың ел сеніміне ие болуының басты себебі де осы. Мен Отырар теларнасының барша қызметкерлерін, журналистерін құттықтағым келеді. Телеарнаның осынша уақыт еңбек етіп, халықтың сеніміне кіріп, үмітін ақтап келе жатуы ең бірінші осы журналистердің арқасы. Ақпарат алаңында жүрген солар. Күннің ыстығына, суығына да төзіп, ертелі кеш жұмыс істеп жүрген тілшілерге айтар алғысым шексіз. Еңбектеріңіз еселеніп әрі ескеріле берсін. Қаламдарыңыздан бұрын рухтарыңыз мұқалмасын. Журналист болу үшін мықты рух керек. Кез келген жағдайда мен сіздерді қолдауға дайынмын,-деді Отырар TV телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы Бекжігіт Мәуленов.

Телеарнаның 27 жылдық тарихында осында қызмет еткеніне 10-15 жылдан асқан мамандар бар. Солардың бірі – телеарнаның беделді әрі тәжірибелі тілшісі Шынар Оразова.
– «Отырар» телеарнасына 2003 жылы келдім. Алматыда инженер-техник маманы боп, кейін осында координатор жұмысына қабылдандым. Түсірім графигін, операторлар мен монтажерлардың графигін, жүргізушілердің бағытын қадағалып, реттеп отыратынмын. Бір күні шұғыл «съемка» шықты. Журналистикада бір де бір тілші жоқ. Сол кездегі басшы Валентина Куприяновна Куликова съемкаға мені жіберді. Операторым мықты еді. Кімнен сұхбат алу керек, соның барлығын өзі келісіп, ұйымдастырды. Келген соң, интервьюді қайта тыңдап мәтін жаздым. Басшылыққа менің жұмысым ұнады. Міне сол күннен бастап мен журналист атандым. В.К.Куликова менің кәсіби шыңдалуым үшін түрлі оқуларға, шеберлік сабақтарына жіберді. Қазақ сюжеттерді орыс тіліне, орысшасын қазақ тіліне аударуды тапсырды. Осында жүріп Дина Нұралиева, Марат Боранбаев, Оксана Калашникова сынды тіс қаққан журналистерден тәлім алдым. Шығарушы редактор қызметіне дейін өстім. Орысша оқып, орысша тәрбие алған Шынар Оразоваға қазақ тілінің шұрайлы, әдеби сөздерін Отырар TV үйретті. Журналистиканың қыр-сырын таныдым. «16 жылда бұл жерге кім келіп, кім кетпеді. Кім тәлім алмады» десеңізші. Сырт жұрт «Отырар» телеарнасын журналистердің шеберханасы деп бекер айтпайды. Қазір медиахолдингте жас тілшілер көп. Олардың да үйренетіні алда. Ал менің олардан үйренерім бар,-дейді Шынар Оразова.

Тәжірибелі журналисттің айтқанындай-ақ, «Отырар расымен де журналистиканың шеберханасы. Қаншама жан осында келіп, үйреніп, тәжірибе жинап, кәсіби журналистке айналды. Қазір де Отырарға келіп, журналистиканың бірінші баспалдағына көтеріліп, бұл кәсіптің қыр-сырын түсініп бастаған тілшілер бар. Солардың бірі – Меруерт Ахан.

– Отырар телеарнасына келгеніме тұп-тура бір жыл болды. Неліктен осы ортаны таңдадым? Өйткені, мұнда сөз бостандығы бар. Сенің аузыңа ешкім сөз шайнап салып бермейді. «Сен мынаны айт, мынаны жаз» деп айтпайды. Былайша айтқанда шексіз мүмкіндіктер мекені. Отырар телеарнасы халықтың сеніміне қалай ие болса, сол сенімді журналистердің мойнына артады. Әріптестердің арасында да жылы қарым-қатынас бар. Бір жыл біреу үшін аз болса, біреу үшін көп уақыт. Шыны керек, бір жыл алдын мен осы салаға мүлдем жаңа адам едім. Оның алдында баспасөз хатшысы болып жұмыс істедім. Дегенмен, телеарнаның ішкі әлемі мүлдем басқаша екен. Осы уақытта сюжет дегеннің не екенін, оның құрылымын, көрермен үшін не маңызды екенін үйреніп келемін. Сонымен қатар, тікелей эфирдің жауапкершілігін де сезініп жүрмін. Мен ең алдымен Отырар теларнасының көрермендеріне, «Отүстік Рабат» газетінің оқырмандарына алғысымды айтқым келеді. Осынша уақыт бойына бізбен бірге болып, сенім артқанына разымын. Қызметкерлерінің барлығына шығармашылық табыс тілеймін,-дейді Меруерт.

Оның бұл сөзін әріптесі, қатарласы Нұрлан Сұлтанбек те қолдап-қуаттайды.
– Отырарға осыдан бір жыл бұрын арнайы кастинг арқылы келдім. Бұл ұжымды сұрастырып білгенімде адамдардың көбі өте жылы пікір айтатын. Мен осы ортаға келіп, жұмысымды бастаған кезде сырттағы айтылған пікір мен іштегі аураның бір-біріне сай келетінін түсіндім. Отырар ең алдымен ыстық ұя сияқты. Бәрі бауырмал. Бір отбасындай болып кеткен. Жанашыр, мейірімді. Ең бастысы қалжыңдары жарасқан сондай бір ерекше орта. Ең әуелі осы қасиетімен мені баурап алды. Тәжірибелі журналистер сенің білмей тұрған тұстарыңды өзі үйретіп, жас маманның аяққа тұрып кеткеніне дейін көмегін аямайды. Мен келгеніме бір апта толмай маған тікелей эфирде жүргізуші болатынымды айтты. Алғашында жүрексінгенім бар. Өйткені тікелей эфир деген ол үлкен жауапкершілік. Мен тағы да алдыңғы қатарлы әріптестерімнің арқасында үйреніп кетуім қиынға соқпады. Бұл ортадағы тағы бір ерекшелік ол – конвергентті редакция. Отырарда тек бір бағытта қалып кетпейсің. Сені бағдарламаға шығуға, жаңалықтарда жүруге, газетке жазуға, сайтқа жазуға бәріне үйретеді. Бір жерде тұрақтап қалмайсың. Сонысымен де қиын. Қиыншылық бар жерде қызықшылық та болады. Мұның бәріне осы саланы шын жақсы көрген адам төтеп бере алады. Мен үшін Отырар ең жақсы мектеп. Сүйікті Отырарым, жайнай бер, жасай бер!,-дейді Нұрлан.

Отырар медиахолдингінің телеарнадан бөлек, тағы бір мықты тұсы – баспасөзі. Медиакомпанияның «Оңтүстік Рабат» және РАБАТ атты қос газеті қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Екі газеттің де өз тұрақты оқырманы, 13 мыңнан астам жазылушысы бар. Екі газет те медианарық жағдайына бейімделіп, талапқа сай бейімделе жарық көреді.

Осы орайда газетке жазылу бөлімінің менеджері Шахида Савдашева газет оқырмандары туралы айтып берді.
– «Оңтүстік Рабат», РАБАТ газеттері «Отырар» медиахолдингінің еншісіндегі басылымдар. Биыл медиахолдинг 27 жылдығын атап өтіп жатса, «Оңтүстік Рабат» газетіне – 9 жыл, Рабатқа — 18 жыл толып отыр. Қос газет ұжымында 30-ға жуық қызметкер бар. Шығармашылық ұжым болсын, техникалық, жарнама қызметі, тарату бөлімі болсын барлығымыз бір терінің пұшпағын илеп жүрміз. Сондықтан да газеттердің қызық болуы, өтімді болуы үшін аянып қалмаймыз. Біздің газеттер «разнарядкада» жоқ. Яғни, мемлекеттік мекемелерге барып өз басылымдарымызды күштеп жаздыртпаймыз. Дейтұрғанмен, соған қарамастан газетімізге жазылып жатқан мемлекеттік мекемелер көп. Олар ауруханалар, емханалар, мектептер, балабақшалар, басқарма мен департаменттер. Оқырмандарымыздың қатары әрдайым тұрақты. Әсіресе, «Оңтүстік Рабат» газетінің әлеуметтік-танымдық тақырыптарын, «Тағдыр», «Сені іздеймін», «Алуан-алуан» айдарларын іздеп оқитын оқырман көп. Айтуларынша, өзге басылымдар жиындар, брифингтер мен семинарлар туралы жазса, біздің газеттерде ресми газеттер жаза бермейтін тың тақырыптар көтеріледі. Сол үшін де осы газеттерге арнайы жазылады,-дейді Шахида Савдашева.

«Оңтүстік Рабат» газетінің редакция құрамы: солдан оңға қарай — Салтанат Бикөбек, беттеуші-дизайнер; Жанерке Хумар, тілші; Жәнібек Нұрыш, бас редакторы; Айжан Ермекқызы, тілші

Қазір медиахолдингте 100-ге жуық адам еңбек етеді. Бәрінің де бір еңбек ұясы болса, ол — «Отырар». Мерейтойымыз құтты болсын, әріптестер!

«Оңтүстік Рабат» газетін, №44 саны (30.10.2019ж)