Шымкентте үлкен теннистен халықаралық турнир басталды. Осымен екінші рет ұйымдастырылған жарысқа 15 елдің спортшысы келген. Олардың арасында Америка, Қытай, Испаниялық қатысушылар да бар.

Жастар арасындағы ATF турнирі Шымкентте осымен екінші рет ұйымдастырылуда. Оған қатысу үшін спортшылар Америка, Қытай, Испания, Румыния, Чехия және Грузия елдерінен келген. Сынға түскен 15 мемлекеттің теннисшілері арасында ресейлік Святаслав Гулин де бар.

Святаслав Гулин, жарыс қатысушысы: «Мен бұл жарыста 2 ойын өткізіп үлгердім. Әзірге жеңіліс болған жоқ. Барлығы сәтті аяқталды. Өзім Мәскеуден келгем. Қала өте ұнады. Жазық екен. Корд та көңілден ерекше шықты».

Бұл спортшылардың барлығы да екінші деңгейлі теннисшілер. Төрешілер бұл санат кілең мықтылардан құралған дейді. Бірақ, олар қатысып жатқан ATF турнирінің жүлде қоры жоқ. Тек жарыс қорытындысы бойынша ұпайлар қойылып, әлемдік рейтингтегі көрсеткіштер анықталады.

Александр Щербин, жарыстың бас төрешісі: «Шымкентті теннистің астанасы деуге болады. Осыған байланысты қалаға әр елдің түрлі деңгейдегі спортшылары келіп өнер көрсетеді. Олардың арасында кәсіпқойлар, жастар мен теннистің болашақ жұлдыздары да бар».

Жұптық және жекелей түрде өтетін турнир жеңімпаздары сенбі күні анықталады.

Назерке Үкібасова