Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнир басталды

Түркістанда Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы бокстан XХ халықаралық турнир басталды. Дүбірлі додаға Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Йемен мемлекеттері мен елдің барлық өңірінен 160-қа жуық спортшы қатысып жатыр. Жарыста 2004-2005 жылдары туған жастар 13 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады.

Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ХХ халықаралық турнир басталды. Түркістан қаласында өтетін жастар арасындағы дәстүрлі турнирде Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Йемен елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірінен жалпы саны 160-қа жуық спортшы бақ сынайды. Биыл 20-сыншы рет өткізіліп отырған дүбірлі доданың ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркістан өңірі талай спорт саңлағын баптап шығарды. Оның ішінде бокс мектебіміз өте мықты. Солардың бірегейі Бекзат Саттархановты Қазақ елі ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі дода өңірдегі жас спортшыларға жаңа серпін береді деп сенемін».

Ашылу салтанатында өңір басшысы Бекзат Саттархановтың анасына құрметін білдірді. Мерейтойлық турнирге Ермахан Ыбрайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Серік Сәпиев, Біржан Жақыпов секілді былғары қолғап шеберлері де арнайы келген. Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов Бекзат туралы естеліктерімен бөлісіп, жастар арасындағы бұл турнирдің маңыздылығын атап өтті.

Ермахан Ыбрайымов, халықаралық спорт шебері: «Бұл турнир Қазақстан құрама командасын жасақтау турнирі болып саналады. Мен осыған арнайы келдім, осы турнирдан мықты жігіттерді таңдап кетеміз. Жиырмасыншы рет үзілмей өтіп жатыр. Қазақстандағы жастар арасындағы ең мықты турнир деп айтуға болады».

Халықаралық жарыста 2004-2005 жылғы жастар 13 салмақ дәрежесінде рингте кездеседі. Ал турнир жеңімпазы атанған спортшыға «Қазақстанның Республикасының спорт шебері» спорттық атағы беріледі. Сондай-ақ, жүлдегерлердің ұлттық құрама сапына кіру мүмкіндігі бар. Айта кетейік, халықаралық жарыс 16 қазанға дейін жалғасады.