«Өз үйім» бағдарламасының салымшыларына 200-ден астам пәтер қолданысқа беріледі

287

Шымкентте «Өз үйім» бағдарламасының салымшыларына 200-ден астам пәтер қолданысқа беріледі. «Тұрғын үй жинақ банкі» өз клиенттеріне баспана сатып алу үшін төмен мөлшерлемемен несие беруге дайын. Мамандардың айтуынша, бағдарламаның біршама артықшылықтары бар.

Болашақ зәулім тұрғын үй кешенінің құрылысы қыз-қыз қайнап жатыр. Мұндағы 200-ден астам пәтер банктің «Өз үйім» бағдарламасының салымшыларына беріледі. Бағдарламаның артықшылығы сол, пәтерлерді нарықтағыдан төмен бағада сатып алуға болады.

Ақылбек Қоспанов, «Тұрғын үй Жинақ Банкінің» Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары: «Бұл бағдарламаның көптеген артықшылықтары бар. Тұрғын үйінің бар, жоғына қарамайды».

Ал бұл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген баспаналар. 14 мың шаршы метрге жуық қолжетімді тұрғын үйлер «Нұрсəт» шағынауданындағы әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Мұндағы 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны 180 000 теңгеге бағаланып отыр.

Ақылбек Қоспанов, «Тұрғын үй Жинақ Банкінің» Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары: «Баспаналы болуға ниеттілердің қатары артып келеді. Қазірдің өзінде 2 мыңнан астам өтініш түсті».

Жыл соңына дейін баспаналар 50/50 қағидасы бойынша үлестіріледі. Пәтерлердің жартысы жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған азаматтарға, қалғаны банк салымшыларына үлестіріледі.

Мақпал Рысбаева