Шымкентте 16 мың адам баспана кезегінде тұр

1086

Шымкентте 16 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың барлығын баспанамен қамту мәселесі 2020 жылға дейін шешілуі қажет. Ал облыс бойынша соңғы екі жылда 405 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Яғни, кезек жылдап жылжып келеді.

003

Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте мәлім болды. Облыстық құрылыс басқарамасы, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» және «Қазақстан ипотекалық компаниясының» өкілдері өңірдегі ахуалмен таныстырды.

Облыста салынған барлық баспананың құрылыс барысын қадағалаған басқарманың өкілі «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасы арқылы берілген әр үй талапқа сай салынған дейді. Сондықтан болар, Қарағандыдағы Бесобада және Қызылорда қаласында қираған көпқабатты үйлердің кейпін кеймейміз деп мәлімдеді.

Ал БАҚ өкілдерімен кездесуге келген екі бірдей компания өкілдері өңірде тек шымкенттік тұрғындардың белсенділік танытып отырғанын жасырмады. Облыс орталығының тұрғындары кезекке тұрып, екі бағыт бойынша үй алып жатыр деді. Екі компания қолжетімді баспана бағдарламасы арқылы қарапайым халыққа қолқанат болып отырғандарын мақтанышпен айтады.

Биыл «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы 1080 пәтер өз иесін таппақ. Ал «Тұрғын үй-жинақ банкінде» кезекте тұрғандардың санында шек жоқ. Десе де, екі компанияның талаптары бір, мемлекетпен бірге жасалған меморандум арқылы жұмыс жасайды.

Ал Шымкент қалалық ТҮКШ бөліміне қарасты тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Әшірбаева тұрғын үй кезегінде 16 мың азаматтың тұрғанын айтты. 2014 жылы екі үйдің құрылысы аяқталып, 144 пәтер пайдалануға беріліпті. Оның 12 пәтері соғыс ардагерлеріне берілсе, 132 баспана жетімдерге үлестірілген.

Айтпақшы, қалада 1283 жетім кезекте тұр екен. Оларды баспаналы етудің ережесі тағы өзгеріпті.

Биыл облыс бойынша 405,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Яғни, 66 үй салынып жатыр Бұл – 3541 пәтер. Жыл соңына дейін 43 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталады, нақтырақ айтсақ, 2 969 пәтер тапсырылады деп жоспарлануда.