Операция кезінде медицина мамандары іштегі баланы босандырып, келіншектің жүрегін тоқтатып қойған. Бір мезетте жасалған екі күрделі отаның нәтижесінде салмағы 3 келіден асатын ұл бала дүние есігін ашты. Операция кезінде қауіпке барған мамандар ана мен баланың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
Айы күні жетіп, босануға жақындаған Эльмира Атабаеваның кенеттен қан қысымы көтеріліп, қаладағы ауруханаға түскен. Жүкті келіншектің жүрек тұсындағы тамыры жарылғанын анықтаған дәрігерлер оған шұғыл түрде ота қажет деп шешеді.
Жүкті әйелдің жүрегіне ота жасамас бұрын оны босандырып алу керек болатын. Ақ халаттылар салмағы үш келіден асатын шарананың өмірге келуіне көмектесті. Операцияның екінші кезеңінде науқастың зақымдалған жүрек тұсына протез орнатып берді. Осылай, тәуекелге барған дәрігерлер отаны сәтті аяқтап, екі адамның өмірін аман алып қалды.
Ота жасалған жүкті келіншекке 1 типті қолқаның жедел жыртылуы диагнозы қойылған. Мұндай ауру кардиология мен кардиохирургияда сирек кездеседі. Статистика мәліметтеріне сүйенетін болсақ, мұндай диагноз қойылған пациенттердің 50 пайызы жедел жәрдем келгенге дейін, қалғаны отаға дейін өліп кетеді екен. Ал Шымкентте ота жасалған келіншек пен оның шақалағының жағдайы жақсы дейді дәрігерлер.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін қалалық кардиологиялық орталықта жүкті әйелге мұндай қосарланған патологиялық ота мүлдем жасалмаған. Бұған дейін мамандар науқастарды санитарлық авиация желісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық орталықтарға тасымалдап келген. Енді шымкенттік мамандар жүректің ауыр дертіне шалдыққандарды өзіміз емдеуге дайынбыз дейді.
Лаура Нақыпқызы