ВИЧ-ке шалдыққан 320 ана дені сау сәбиді дүниеге әкелген

405

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында ВИЧ-ке шалдыққан 320 ана дені сау сәбиді дүниеге әкелген. Бұл туралы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары тілшілерге берген сұхбатында мәлемдеді. Салаға жауаптылардың сөзінше, инфекция жұқтырғандар қоғамға қауіпті емес.

Биыл Шымкент қаласы мен Түркістан облысында ВИЧ жұқтырған 44 әйел босанған. Сала мамандарының сөзінше, орталықта тіркеуде тұратын азаматшалардың барлығы дені сау сәбиді дүниеге әкелген. Өкініштісі сол ВИЧ-ті жұқтырғандардың көбі дәрігер айтқан диагнозға күмәнмен қарап, ем қабылдаудан бас тартып жатады екен.

Өңірде ВИЧ инфекциясын жұқтырған 3 343 азамат тіркеуде тұрады. Жылда тексеру жұмыстарын жүргізетін мамандар биылдың өзінде түзеу мекемесінде жатқан жеті азаматтан инфекция анықтаған. Сондай-ақ, шетелден келушілердің арсында да ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар көптеп кездеседі.

Ынтымақ Мұсаев, ЖИТС орталығының эпидемиологы:»Бүгінгі күнге дейін 230 шет елден келген азаматтан ВИЧ инфекциясы анықталған. Инфекция анықталғандардың басым бөлігі Өзбекстан елінен келгендер. Ал жыл басынан бері шетелден келген 7 азаматтан қауіпті инфекция анықталды».

Айта кетейік, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары 15 қарашадан бастап, барлық қала тұрғындарын тегін тексеруге шақырады. Яғни, сіз орталыққа келіп өзіңіздің мәртебеңізді анықтай аласыз. Дәрігерлер биылғы жоспарға сәйкес халық арасындағы 90 пайыз тексеру жұмыстарын жүргізбек ниетте.

Лаура Нақыпқызы