Шаниндіктер 86-шы Театр маусымын құлақтан еніп, бойды алатын өлең сөздің патшасы ұлы Абайдың поэззия әлемімен сахна шымылдығын түрді. Белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық жүлденің иегері Қ.Қасымовтың инсценировкасымен сахнаға жол тартқан «Желсіз түнде жарық ай» әдеби толғауы (қоюшы-суретшісі ҚР Мәдениет қайраткері Қ.Жұмақұлов), өлең әлеміне шөліркеген көрерменін Абайдың қайталанбас сұлу әндерімен өрнектей отырып нәрлендірді. Абайдың көңіл тебіренісімен бірге толқыды. Күйзелді. Шаттанды. Мейірленді. Күйінді.
Қойылым, Ахмет Байтұрсыновтың (арт.Б.Дәулетжанов) бай жайлы ойдауасымен басталады. Қойылымның шебер шешімімен көрермен А.Байтұрсынов арқылы бірнеше – кемелденген Абай, жігіт Абай, орта жастағы Абай кезеңіндегі жүрекжарды сырларымен бөліседі, сырласады, ой толғайды.
Табиғаттың тылсым сұлулығын нәшіне келтіре жеткізетін «Желсіз түнде жарық ай» әнімен түрілген шымылдық, бірде «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деп күңіренсе, бірде, «Қайнайды қаның ашиды жаның» деп ашынады. «Сегіз аяқ»-тың жетегінде қазақтың мінез-құлқына күйіндіре бере — «Айттым сәлем қаламқас» деген назымен махаббат әлеміне жетелей жөнеледі.
Сахнадан сұлу өлең бірде Абай мен Тоғжанның (Абай-С.Алмұратов, Тоғжан — А.Дәуренбекова) — ғашықтық отына өртене қимай қоштасқан сахнасымен көзге жас үйірсе, енді бірде «Амал жоқ – қайттым білдірмей, Япырмау, қайтіп айтармын?!» деп Онегинін аңсаған Татьянаның (Онегин – Е.Аманғалиев, Татьяна – А.Тәттіқұлова) шеріне жетелейді.
Сүйген жарына деген Әйгерімнің қызғаныш сахнасы (Әйгерім – Ж.Сарыпбекова, Абай- Р.Нұрманов) қос бірдей ғашық жүректің қайсына болысарын білмей ойландырса, кемеліне келген Абай (акт.Е.Шымырқұлов ) «Сайра да зарла, қызыл тіл, Қара көңілім оянсын…» деп күрсіндіреді.
Көзі ашық көрермен үстіміздегі жылы Абай поэзиясының әлем көгінде қалқығанымен хабардар. Таңғажайып серпіліс – шетелдік танымал жұлдыздар мен алпауыт кәсіпкерлердің Абай өлеңін оқуы, бұрын-соңды болмаған жайт десек, артық айтпағанымыз болар.
«Жылдармен жыры жылжыған АБАЙ» айдарымен театрдың фоесінде көрме жасақталуына түрткі (көрменің идеясы-Қ.Жұмақұлов) Шанин театрының сахнасында сан жылдар бойы алты Абайдың сомдалғаны болды. Театрға келген көрерменді Шыңғыстаудың төрінде отырған Абай қарсы алды. Таңқалмаңыз, Иранғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмасында (реж.Е.Уразимбетов) Абай ролін 2003-ші жылдан бері сахнада ойнап келе жатқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген актері, «Парасат»иегері Сапар Өтемісұлы ағамыз Абай бейнесінде тебірене оқыған өлеңімен театр табалдырығын аттаған көрерменін тамсандыра, сахна төріндегі қойылымға жол салды.
Алғаш рет Абай театр сахнасында 1950-ші жылы М.Әуезов, Л.Соболевтің «Абай» драмасын қазақ қызынан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер қызы Ғайнижамал Хайрулина мен Янь Штеин қойған болатын. Араға жылдар салып 1963 жылы В.И.Дьяковтің режиссерлығымен Абай басқа қырынан көрерменіне жол тартты.
1982 жылы Б.Римованың «Абай-Әйгерім» драмасын режиссер А.Оңалбаев сахналаса, 1995 жылы М.Әуезов, Л.Соболевтің «Абай» драмасын режиссер Ә.Құлданов жаңа толғаныспен жаңғыртты.
2003 жылы И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмасын режиссер Е.Уразимбетов сахналаса, 2015 жылы А.Құнанбаевтың өлеңдерінен Қ.Қасымов инсценировка жасап, режиссерлік еткен «Желсіз түнде жарық ай» әдеби толғауы Абайдың пәлсапалық қырын сахнадан сөйлетті.
Соңғы Абайдың инсценировкалық толғауының екінші бөлімі Абайдың қазақтың мінез-құлқы мен табиғатына күйінетін һәм сүйінетін қара сөздерінен құралған. Абайдың сөзі жыл сайын жаңара береді. Араға жүздеген жылдар салып, сізбен замандасыңыз болып сырласады. Көнермейді. Көңіліңе дөп түседі. Өйткені ол – Абай.
Жаңа маусымда театр басшылығына Қ.Қарғабаев пен көркемдік жетекшілікке Т.Ахметовтің келуі шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейі биік режиссерлық қойылымға деген үкілі үміті мен көрермендер қызықты қойылым күтетін жауапкершілігі мол жыл болмақ. Маусым сәттілікке мол болсын деп тілейміз!
Сая Қасымбек,
Жұмат Шанин атындағы
Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі