Кісіні жерлеу қанша тұрады? Көрқау мен мәйітхана қызметкерінің әңгімесі

672

Изатулла Имамов. Кәсібі – көрқау. Жалпыға түсінікті тілмен айтқанда, көр қазушы. Оның қызметіне көр қазудан бөлек, мәйіт жерленетін орынды белгілеу, мазаратты күтіп ұстау және сондағы тыныштықты сақтау да кіреді. 16 жылдан бері көрқау болып еңбек ететін Изаттуланың айтуынша, өлілерге қызмет көрсету тірілермен жұмыс істегеннен әлдеқайда тыныш екен. Сонымен «Ел іші» айдарының бүгінгі мақаласы Шымкент мазараттары, сондағы жағдай, демі үзіліп, тірілер арасынан мәңгілікке алыстаған жандардың ендігі мекені болар қабір қаздыру жайы мен осы тақырып төңірегіндегі басқа да жайттарға арналады. Әңгімеміздің әлқиссасы көрқау Изатулла Имамовтың сөзімен де басталды.

«КҮНІНЕ КЕМІ 2-3 ҚАБІР ҚАЗАМЫН»

Изатулла Имамов бір күндік жұмысын осынау бір сөйлемге сыйдырды. Бұған қоса, келіп-кетушілердің өтінішімен құран оқиды, бейіттегі мәрмәр тақта тастарды сүртіп, солған гүл, қураған шөптерді жаңалайды. Бос уақытында зиратты қоқыс қалдықтарынан тазартады, қорым айналасын көгалдандырады.

– Көп жерде жалданып жұмыс істедім. Алайда жұмыс берушілер еңбегімді қанады. Маңдай термен тапқан жалақымды бермей қоятын. Тіпті балағаттайтын. «Затымды ұрлады» деп жала жауып, арыз жазып жібергендері де болды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген сөз бар емес пе?! Менің аузым сондай жандардан қатты күйді. «Мұндай жұмысы құрысын» дедім. Бірақ, үйде отыра алмадым. Себебі отбасын асырау керек. Сол қу жоқшылық менің осы кәсіппен айналысуыма сеп болды,-деді Изатулла Имамов.

БЕЙІТТІ АЛДЫН АЛА ИЕМДЕНІП ҚОЯТЫНДАР БАР

Жолдасының жанынан өзіне жер алып қойған
Жолдасының жанынан өзіне жер алып қойған

Әңгімесін осылай бастаған Изаттуланың сөзі «тірі жандардан көрмеген жақсылықты, өлілерге қызмет етіп көріп отырмын» дегенге саяды.
Изаттуланың сөзінше, ел ішінде жерленетін жерді алдын ала алып қоятындар да бар екен. Мәселен, Шымкент-Ташкент бағытында орналасқан бір ғасырлық тарихы бар «Қасқа» мазаратының аумағы бүгінде толып қалыпты. Әйткенмен, жерді бүкіл «әулетіне» деп алдын ала алып қойғандар бар екен. Байқағанымыздай мұнда 2-3 жерден, 1 гектар жерге дейін қоршап алғандар да баршылық. Мұндағы күйбелең жұмыс тоқтаған емес. Күнделікті келіп-кетушілер бар. Сондықтан да, Изатулла Имамовтың қызметі әлі де керек. Сол үшін мемлекеттен көк тиын алмайды. Ол осында келгендерге қолғабыс етумен күнелтеді екен. Табысы да бұйыртқаны. Қабір қазған ақысына қанша алатынын ашып айтпағанымен де отбасын асырауға жететінін айтады. Қаладағы 12 мазаратта да қабір қазатын Изатулла кейбір кісілер ақшадан бөлек, ет, шай, қант, ұн әкеліп беретінін де айтты.

БІР АДАМҒА – 6 ШАРШЫ МЕТР ЖЕР ТИЕСІЛІ

Оның сөзін қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасындағылар да растайды. Басқарманың көгалдандыру бөлімінің бас маманы Шаихислам Кемелханның мәліметінше, Шымкент қаласында 44 мазарат бар. Соның 38-і мұсылман мазараты. Бұл мазараттардың әрқайсысында бірнеше көрқаудан бар. Олар мазараттарды күтіп-ұстаумен, туысы жоқ адамдарды жерлеумен, келгендерге жер белгілеумен айналысады. Бұдан бөлек, көр қазуға көмектеседі. Келіп-кетушілердің талап-сұранысы бойынша қолғабыс етеді. Туысы жоқ, белгісіз адамдарды жерлеуді есептемегенде басқа қызметтері үшін мемлекеттен ақы алмайды. Зиратқа келіп кетушілердің берген қаржысын қанағат етеді.

– Шымкент қаласы бойынша жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар елдiмекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын жерлеу үшiн кемiнде 6 шаршы метр жер учаскесiн тегiн береді. Көбіне тұрғындар мұны біле бермейді. Соны пайдаланған кейбір пысықайлар жерленетін жер үшін де ақы алады. Дегенмен әр адамға 6 шаршы метр жер тиесілі. Кісі қайтыс болғаннан соң да, алдын ала да алуға болады. Бұл үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Көрқаудың қызметіне келсек, оны қолдану-қолданбау әркімнің өз еркі. Көрқау немесе мазарат басындағы шырақшы сізге бос жерді белгілеп, көрсетуге міндетті. Оны өзіңіз қазасыз ба, әлде көрқауға қаздырасыз ба, сіздің еркіңізде. Сол үшін көрқауға қанша төлейтініңіз сіздің жомарттылығыңызға байланысты, — дейді Шаихислам Мұқанұлы.

Ал туған-туысы жоқ адамдарды жерлеу жергілікті бюджет есебінен жүзеге асады. Бір мәйітті жерлеуге бекітілген сома – 30 мың теңге. Бүгінге дейін бюджет есебінен 100 адам жерленіпті. Бұл мәйіттерді қай көрқаудың жерлейтінін мемлекеттік тапсырыс, яғни «тендер» шешеді.

МӘЙІТХАНАДА МҮРДЕНІ НЕГЕ АШАДЫ?

Шаихислам Мұқанұлының айтуынша, белгілі тұрағы жоқ адамдар мен қала аумағында табылған «белгісіз» мәйіттер ең алдымен мәйітханаға түседі. Заң шеңберінде атқарылған іс-шаралар негізінде қайтыс болуды растайтын медициналық куәлік беріледі. Сосын «тендер» жеңімпазы, жерлеу қызметтерін ұсынатын жеке кәсіпкер бұл мәйіттерді қаладағы кез келген мазаратқа жерлейді.
Осы ретте біз Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтына бардық.
Жалпы экспертизалық бөлімінің меңгерушісі Рафик Құрбановтың айтуынша, мұнда тергеу орындарының қаулысы негізінде қала аумағында табылған белгісіз мәйіттер, белгілі тұрағы жоқ азаматтар мекендейтін мекемеде қайтыс болғандар, өз-өзіне қол жұмсаған немесе қандайда бір қайғылы жағдайда (жол көлік оқиғасы) қаза тапқан жандардың мүрдесі жеткізіледі.
– Тергеу органдарының қаулысы негізінде, бізге жеткізілген мүрдеге сот сараптамасы жүргізілуі тиіс. Кей жағдайда түрлі себептерге байланыс-ты марқұмның туыстары мүрдені «союға» қарсылық танытады. Алайда, сараптамадан өткізу не өткізбеу біздің қолымыздағы дүние емес. Қаулы негізінде мүрде жеткізілді ме? Ендеше заң шеңберінде біз оған сараптама жасауымыз керек. Ал мүрдені сараптамадан өткізгісі келмегендер тергеушіден істің тоқтатылғаны жайында анықтама әкелуі тиіс. Сол жағдайда ғана денені «соймаймыз». Қалған жағдайдың бәрінде сараптама жүргізіледі. Соның негізінде қайтыс болуды растайтын медициналық куәлік беріледі,- дейді Рафик Құрбанов.
Әділет департаментінің бұйрығына сәйкес, мүрдені сою күннің жарық тәулігінде ғана жасалады. Кешқұрым өткізілмейді.

– Кей күндері 9-10 мәйітке дейін жеткізіледі, енді бір күндері ешқандай мәйіт түспейді. Бізде екі үстел жұмыс істейді. Бұл бір мезетте екі мәйіт «сойылады» деген сөз. Бір мәйітке 2 сағат жұмсалады. Сонда шамамен күніне 6 мүрдеге дейін сараптама жасалады. Үлгермеген жағдайда мүрде келесі күнге қалдырылады. Бұған көңілі толмағандар ызаланып жатады. Бірақ заң солай. Күн батқан соң мәйіттер қабылданғанымен, сараптамадан өткізілмейді. Жалпы бізде мәйітті сақтау мерзімі – 10 күн. Осы аралықта туысы табылмаған мәйіттерді жерлеу қызметін ұсынатын мекеме әкетіп, жерлейді, — дейді Рафик Құрбанов.
Маман сараптама жүргізуде туыстардың өтінішін де ескеретіндерін айтады. Яғни, жерлеуге асығып тұрғандарды бірінші кезекте өткізеді. Содан кейін қалған мәйіттер кезек кезегімен рет-ретімен өткізіледі. Орталықтан мәйітті алып кету үшін 5200 теңге төлеу керек. Бұл мәйітті жуу мен киіндіру ақысы.
Айтпақшы, денені алып кетуге асықпайтындар да бар екен. Мұндайда мүрдені тоңазытқышта бірнеше күн сақтайды. Бірақ сол үшін бекітілген прейскурантқа сәйкес ақы алады.
Ескеретін тағы бір жайт, егер адам ауруханада қайтыс болса, оның мүрдесі «Нұрсәт» шағынауданындағы облыстық патологиялық анатомия бюросына түседі. Бөлім басшысы Луиза Кристафорқызының сөзінше, мұнда облыс және қала ауруханаларында ауырып көз жұмғандар жеткізіледі. Мұнда келіп түскен мәйіттер көп сақталмайды.
– Ең ұзағанда – 1 күн. Жалпы үш-төрт сағатта анықтамасын жазып, мүрдені туыстарына беруге тырысамыз,-дейді Луиза Кристафорқызы.
Мұндағы анықтама деп отырғаны – кісінің өлгенін растайтын медициналық құжат. Сол құжат негізінде қайтыс болуды растайтын куәлік беріледі.
Қайтыс болуды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ немесе www.egov.kz арқылы жүзеге асады.
Сала мамандарының мәліметінше, Шымкентте 2019 жылдың 10 айын-да 4196 қайтыс болу куәлігі тіркеліпті. 2018 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 3854 болған. Куәлік марқұмның мемлекет алдындағы салықтық төлемдерін және басқадай мемлекеттік қызметтерді тоқтатуға негіз болады.

Имам сөзі

Мұхамеджан Естеміров, ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының орынбасары:

– Жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екені аят пен хадистерде баяндалған. Бірақ, бұл қазалы үйге қатысты емес. Халыққа арнайы дастархан жайып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірмеу үшін шариғатта «Қазалы үйде 3 күнге дейін ас асылмасын» делінген. Өздері жақындарынан айырылып, қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлеп, кісі күттіріп қойған дұрыс емес. Марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайын-дап бергені жөн. Бұл – сүннет. Сондай-ақ, халық арасында «Жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан ас беріп, дұға жасау керек екен» деген түсінік бар. Бірақ бұл – қате түсінік. Марқұмның үш күндігін, жетісін, қырқын, жүз күндігі мен жылын беру шариғаттың талабы емес. Мұны Ханафи мәзһабының ғалымдары жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын «мубах» (рұқсат етілген) жоралғыларының қатарына жатады. Сондай-ақ, мәйітті шығару кезінде тиын шашу, жыртыс, шапан, кілем тарату әрекеттері де шариғатқа қайшы. Марқұм болған кісінің көзі тірісінде киген киім-кешегін таратқан дұрыс. Оны да қастерлеп, аяқасты етпейтін ет жақынына берген жөн. Марқұмның киімін өртейтіндер де бар. Бұл да мүлдем қате әрекеттер. Одан да мешітке әкеліп берсе, мұндағылар тұрмысы нашар, мұқтаж жандарға береді. Айта кетер тағы бір жайт, марқұмды шығарғанда ораған кілем мәселесі. Кілемді молдаға беру шарт емес. Оны шаңырақта қалдыруға да болады. Мешітке өткізсеңіз, жайнамаз ретінде төселеді немесе тұрмысы төмен отбасыларға таратылады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №46, 13 қараша 2019 ж

ҚАЛАМ АУМАҒЫНДАҒЫ 44 МАЗАРАТТЫҢ ТІЗІМІ

1.Пайдаланудағы мазарат
Көкбұлақ т/а, 389 құрылым

2. Пайдаланудағы мазарат
Таскен т/а, №1025 уч,

3. Бұрын салынған зират
Тельман елді мекені, Рысқұлов көшесі н/с

4. Бұрын салынған зират
Ташкент тас жолы, Сәуле ш/а, н/с.

5. Бұрын салынған зират
Алматы-Ташкент кіші айналма тас жолы н/с,

6. Бұрын салынған зират
Бәйдібек би көшесі, н/с, Дендропарк аумағында

7. Мазарат
Ақтас т.а. 157 квартал, 68 участок

8.Мазарат
Бозарық шағын ауданы, №2082 участок

9. Мазарат
Қарабастау тұрғын алабы, 1951 уч

10. Мазарат
Темірлан тас жолы, №2248 уч

11. Мазарат
Қайтпас шағын ау, №974 уч

12. «Мариям ана» мазараты
Сайрам тұрғын алабы, А.Темір көш, №712 уч

13. «Лангар ата» мазараты
Сайрам тұрғын алабы, З.Хусанов көш, №676 уч

14. «Самандар боб» мазараты
Сайрам тұрғын алабы, №1239 уч

15. Балагордон бобо мазараты
Сайрам тұрғын алабы, Ю.Сареми көш, №94/1 уч

16. Мұсылман мазараты
Маятас тұрғын алабы, №897 у

17. Христиан мазараты
Желтоқсан көшесі, №113/1 уч

18. Христиан мазараты
Желтоқсан көш, №113/2 уч

19. Мазарат
150 орам (қорғасын зау маңы, ташкент-алматы тас) №501 уч

20. Мазарат
Сайрам т.а. №1163/1 уч

21. Мазарат
Сайрам т.а. №887 уч

22. Мазарат
Сайрам т.а. №516/1 муч

23. Мазарат
Сайрам т.а. №122/2 уч

24. Мұсылман мазараты
Мартобе т.а. №1045 уч

25. Мазарат
Жібек жолы даңғылы, №88/1 уч

26. Темірші әулие
Темірлан тас жолының бойы

27. Хожан Солих кесене
Сайрам т/а, А.Темур көш, №4/2

28. Пайдаланудағы ескерткіш
Сайрам тұрғын алабы, Ю.Сареми көшес №663 учас

29. Христиан мазараты
Мәртөбе тұрғын алабы, №755 уч

30. «Мирали бобо» мазараты
Сайрам тұрғын алабы, А.Темір көш, №857 уч

31 «Қарашаш ана» мазараты
Сайрам тұрғын алабы, А.Темір көш, №58/1 уч

32. «Халық ата-1» мазараты
Сайрам тұрғын алабы, Ю.Сареми көш, №675 уч

33«Халық ата» мазараты
Сайрам тұрғын алабы, №448/3 уч

34. «Сархалка бобо» мазараты
Сайрам тұрғын алабы, Мынурик көш, №674 уч

35. «Гузал ата» мазараты
Сайрам тұрғын алабы, Гузал ата көш, №95/1 уч

36. Махмутхан ата мазараты
Сайрам т.а. Махмутхан ата көш, №448 уч

37. Пайдаланудағы мазарат
Маятас тұрғын алабы

38. Мазарат
Мәртөбе т.а.

39. Пайдаланудағы мазарат
Елтай т.ү.а.

40. Мазарат
Қызыл жар ш.а., Маралды көш, 915 уч

41. Мазарат
Жұлдыз т.ү.а., №616 уч

42. Мұсылман мазараты, Қайтпас-2

43. Бекжан базары маңындағы мазарат

44. Христиан мазараты, Тассай т/а