Мемлекет бюджетінен бөлінген миллиондар қайда кетіп жатыр? Осылай деп арнамызға арызданған Шұбарсу елді — мекенінің тұрғындары өркениеттен қалып қойдық дейді. Коммуналдық мәселелерді айтып, қақпаған есігі қалмаған көпшілік ойдым-ойдым жолдармен жүріп, ауыз суды тасып ішіп күнелтуде. Күн бата майшамға телміретін тұрғындар үшін көгілдір отын тіпті арман да емес.
Ұрандаған мұндай уәдеге Шұбарсу ауданының тұрғындары сенуден қалған. Ауыл әкімінің жыл сайынғы сырғытпа жауабы мезі етті дейді халық. Тұрғындар көрші орналасқан екі ауылға жеткен өркениет жапсарлас ауылға жетпей жатыр деп ашынады көпшілік.
Шұбарсудағы ауыз су мен жарықтың өз қожайындары бар. Жекенің меншігіне телмірген халық жарық сөнсе, тіршілік нәрінен де таршылық көреді.
Шұбарсуда қордаланған бұл мәселелерден әкімдіктегілерге де жақсы қанық. Айтуларынша, алдымен 5000-ға жуық тұрғынның жарық мәселесі шешіледі. Ол үшін облыс бюджетінен қаржы да қаралыпты. Алайда, қаражат жобалау жұмыстарынан артылмаған дейді билік өкілдері.
Азат Оралбаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары: «Бірінші кезең бітті. Екінші кезеңмен электр жарығына байланысты мәселе шешіледі. Бірінші кезеңге 780 млн. теңге бөлінді. 13 массивке электр бағаналарын ауыстырып мәселе шешілді. Негізі 88 массив бар».
Ал Шұбарсудағы жол, ауыз су мәселелері бүгін-ертең шешілмейтін түр бар. Билік өкілдері мұны қазір осы мақсаттарға қаржы қарастырудамыз деп сендірді.
Назерке Үкібасова