Қайыршысы жоқ ел бақытты. Ал «қайырымды қала» атанғысы келетін Шымкентте сегіз күннің ішінде теңге тіленіп жүрген 2 мыңнан астам адам анықталды. Бұл тәртіп сақшыларының анайы шарасы кезінде анықталған жәйт. Қаладағы қайыршылармен күреске полиция департаментінің ювеналды, патрульдік көші-қон полициясы мен учаскелік инспекторлар жұмылдырылған. 

Жайған алақанына ақша салмасаң дөрекі жауап аласың. Миллионды қаладағы қайыршыға жұртшылық жатырқай қарауды қойған. Оларға жаны ашып, қалтасындағы теңгесін беретіндер де азайған. Сондықтан, олар орнын жиі ауыстыратын болыпты. Кезекті рейдтік шарада тәртіп сақшылары 4-сынып оқушысын қайыршылыққа баулып жүрген ананы полиция басқармасына әкетті. Олардың құжаты да жоқ болып шықты.Өзін Гүлмира Әуелбекова деп таныстырған әйел таң атысымен мешіттің маңына, дәл полиция бекетінің алдына жайғасады. Көптің аяушылығын ояту үшін жанына 3-4 перзентін алып алған. Жасы 40-тан асқан жалғызбасты ана қарашаның қара суығында жұртшылықтан көмек сұрап, теңге тілейді.

Гүлмира Әуелбекова

«Менің 5 бала-шағам бар. Күйеуіммен ажырасып кеткенмін, ол қараспайды. Өзім енді пәтер жалдап тұрамын, «1-2 күнде оның да төлемақысын төлемесеңдер, үйді босатыңдар», – деп жатыр! Ақшаны қайдан аламын?! Амалсыз қайыр сұрап жүрмін. Күніне 3-4 мың теңге тауып, балдарыма тамақ аламын. Полицейлер де бізді аңдып, тұрған жерімізден қуып жібереді. Бірақ, айыппұл салмады әйтеуір», – дейді көпбалалы ана Гүлмира Әуелбекова.

«Қайыршы» жедел профилактикалық жобасына Шымкент қаласы полиция департаментінің бар бөлімше қызметкерлері жұмылдырылған. Олар көпшілік орындарды тексерді. Алдымен қайыр тілеп отырғандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ал тәртіпке бағынбай, бұған дейінгі ескертулерді елемегендеріне айыппұл салды.

Ерғали Сүлейменов

Ерғали Сүлейменов, Шымкент қалалық ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы: «Департамент бастығы Ералы Мұсаәліұлы Жұмаханбетовтың бастамасымен және тиісті тапсырмасына сай, біз 8 күн бойы осы қайыршыларды анықтау, олардың тұрақты орны мен тұрғылықты жерлерін анықтадық. Нәтижесінде, қайыршылықпен айналысып жүрген 2212 азамат анықталды. Оның ішінде 208-і – үлкен азаматтар болса, 4-уі – жасөсіпірім. Ол жасөспірімдер анықталып, қазіргі таңда бейімдеу орталығына жатқызылды. Сонымен қатар, 15 ата-ана өз деңгейінде тәрбие бермегені үшін жауапкершілікке тартылды. 70 шетел азаматы анықталып, оларды қазір өз елдеріне аластату жұмыстары жүргізіліп жатыр».

Тәртіп сақшыларының мәліметіне сүйенсек, қаладағы қайыршының көбі – көрші елден келген кезбелер. Олардың дені Шымкенттің Абай ауданының аумағында жүреді. Сондықтан, бұл ауданға қарасты жұмыс тобын күшейту жағы қарастырылмақ.

Мөлдір Бекеева