«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент филиалының құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің маманы алаяқтық жасады деп күдікке ілінген болатын. Енді аталған мекеменің басшылығы бүгін бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп отыр.
«13-қарашада бірнеше БАҚ беттерінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы бойынша құқықтық қамтамасыз ету маманы алаяқтықпен айналысқан деген жаңалық шықты.
Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы маманының аталған іс-әрекеті оның лауазымдық міндеттерімен және Мемлекеттік корпорацияның тікелей қызметімен байланысты емес екенін хабарлайды. Азаматтарға арналған үкімет сыбайлас жемқорлық бойынша нөлдік төзімділік және өз қатарының адалдығы қағидаттарын ұстанады, сол себепті өз күшімен, сондай-ақ уәкілетті және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықта сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бойынша жұмыс жүргізеді», — делінген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы жолдаған хабарламада.
Еске салайық, 2019 жылдың 12-қарашасында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мынадай мәлімдеме жасады: « Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен Cаll-centеr арқылы келіп түскен хабарламаға сәйкес, «Шымкент қаласы бойынша азаматтарға арналған үкімет» ҰАҚ-ның құқықтық қамтамасыз ету маманы тарапынан жасалған алаяқтық әрекет анықталды.
Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кассациялық сатысымен даулы жер учаскесіне қатысты азаматтық іс бойынша оң шешім қабылдауына жәрдемдесуге азаматты алдау арқылы оның 250 мың теңге көлемінде ақшасын иемденіп алды деген күдікке ілінді.
Күдікті өзінің кінәсін мойындауына және күдікті мен оның қорғаушысы процессуалдық келісім жасасу туралы өтініш бергеніне байланысты күдіктіге қатысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылмады».
Мөлдір Бекеева