Шымкенттік шенеуніктер азық-түлік бағасын қалай тұрақтандырады?

180

Шымкентте жыл басынан бері бағаны негізсіз көтерген 8 субъекті айыппұлға тартылған. Соған қарамастан азық-түлік нарқы күннен-кенге шарықтап барады. Биыл әсіресе халық жиі тұтынатын 6 тауар түрі тіпті қымбат. Нарықтағы жағдайды реттеудің жолы қайсы Әкімдіктегілердің әрекетінен базардағы баға тұрақтала ма?

10 жылдан бері саудамен айналысатын Бекзада Тұңғышбекова соңғы бірер жылда азық-түлік бағасының шарықтап бара жатқанын айтады. Биыл әсіресе, көкөніс пен жеміс-жидек тіпті қымбат.

Бекзада Тұңғышбекова, сатушы: «Жеміс жидек мол болатын жаз айында да баға түспеді. Қымбат…».

Биыл Шымкентте халық жиі тұтынатын 6 тауар түрі атап айтқанда қырыққабат, пияз, сәбіз, ұн, нан және сиыр еті қымбаттаған. Азық-түлік нарқы қарапайым халықтың қалтасын қаға бастады.

Бұл тақырып Үкімет отырысына дейін жетті. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Премьер-министрден қымбатшылықты құрықтай алмай отырған шенеуніктерге шара көруді сұрады.

Министрдің сынына іліккен атқамінерлердің арасында шымкенттік шенеуніктер де бар. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Береке Дүйсебековтің сөзіне қарағанда жергілікті бизнес өкілдерінің экспорт көлемін ұлғайтуы қымбатшылыққа тікелей әсер етіп жатыр. Алайда, тұрақтандыру қорына қомақты қаражат құю арқылы нан бағасын 70 теңге етіп ұстап отырмыз дейді.

Өз отбасының жәрмеңкеден азық-түлік алатынын айтқан Береке Дүйсебеков базарға жиі келеді екен. Алайда, нарықтағы жағдайды «көзбен көріп, көңілмен ұғынатын» шенеунік Шымкенттен қандай тауар шығарылытынын, азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпкерлік субъектілерінің санын білмейтін болып шықты.

Әкімдіктегілер әзірге нан бағасын тұрақтандырудан басқаға әлі келмей отыр. Бағаларға күндіз -түні мониторинг жүргіземіз деп сендірген басшы орынбасары тіпті ватсаптағы ортақ чаттың да қымбатшылықпен күресуде пайдасы тиіп жатқанын айтып мақтанды. Шенеуніктер осылайша бағаларды вертуалды түрде бақылап жүргенде, азық-түлік бағасы аспандап кетті.

Маңыздысы бағаны бағындыра алмай отырған министрлер мен әкім-қаралардың жазаға тартылуы емес. Ең бастысы — қымбатшылық құрсауында қалған халықтың жайы. Үкіметтің бұл қадамы нарықтағы жағдайды реттеуге қаншалықты қауқарлы болмақ? Уақыт көрсетеді.

Мақпал Рысбаева