Шетелдік көліктерді заңдастыру науқанында қымбатшылық белең алуда

31

Шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыру науқаны елдегі автомобилдің қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін. Қазірдің өзінде кедендік ресімдеуден өткен көліктердің бағасы екі есеге өсті. Мамандар алыпсатарлардың ісі, көліктердің құнын шарықтатып жібергенін айтады. Бұл ретте науқан еліміздегі автокөлік паркін жаңарту мәселесін шеше алмайтын түрі бар.

Шетелден әкелген көліктерін заңдастырған қазақстандықтар қымбат бағаға сатып жатыр. Автокөлік сататын сайттарда мемлекеттік нөмірі бар, рулі оң жақта орналасқан автомобильдерді сату туралы хабарландырулар пайда бола бастады.

Мұндай заңдастырылған көліктердің бағасы кедендік ресімдеуге дейінгісінен әлдеқайда жоғары. Мәселен, 2006 жылы шыққан үш литрлік қозғалтқышты, автомат қорабкалы Toyota Alfard көлігінің құны бұған дейін 7 миллион 800 мың теңге болса, оң жақ рульді қазақстандық нөмірлі машина қазірдің өзінде 12 миллион 500 мың теңгеге көтерілген. Ал мұндай жарнамалар саны күннен күнге қаптап барады.

Мамандардың айтуынша, бұл шетелдік нөмірлі көліктерді қайта сату мақсатында көп мөлшерде әкелген алыпсатарлардың ісі. Олар жаңа бағдарлама негізінде көлікті бар-жоғы 200 мың теңге төлеп, заңдастырып алады. Кейін темір тұлпардың бағасын екі есеге шарықтатып жібереді. Соның әсерінен еліміздегі автокөліктің бағасы көтеріліп келуі мүмкін.

Әрсен Шәкуов, «Ортақ жол» қауіпсіз жол қозғалысы қауымдастығының президенті: “Менің болжамым бойынша көліктер бағасы 15-тен 50 пайызға дейін көтеріледі. Өйткені кедендік ресімдеуден өтпеген микроавтобусты 5 млн-ға алатын едік. Ал заңдастырылған машина бағасы 12 млн. теңгеге көтерілген. Тіпті егер сіз барлық төлемді ескеріп, утил алымға 2 млн. теңге жұмсайтын болса 50- пайызға көтерілері анық».

Заңдастыру бағдарламасына сәйкес келмейтін шетелдік автокөлік иелері 1 шілдеден бастап барлық мемлекеттік баж салығын және утиль алым ақысын төлемесе жолда жүру құқығынан айырылады. Жаңа заңнамадағы көрсетілген нұсқаулықты орындамаған жүздеген казақстандық темір тұлпарсыз қалмақ.

Шыңғыс Темір, Қазақстанның Тәуелсіз кәсіпкерлер одағы төрағасының орынбасары: «Егер барлық баж салығын төлеп көлік алып келсе, қымбатқа түсіп кетеді. Қазақстандық дилерлерден жаңа көлік сатып алу да қымбат. Қайта сату рыногы импортталған машина мен қазақстандық өнімдерге байланысты. Бәрі утиль төлемінен басталды, бұл шара шетелдік көліктердің құнын бірден көтеріп жіберді».

Ал кейбір азаматтар заңдастыру науқанын пайдаланып ақша істеуге көшкен. Түркістан облысында армениялық автомобильді 1 млн. 200 мың теңгеге тіркеп беремін деген хабарландыру тарады. Жаңа қызмет түрі арқылы жергілікті тұрғындардың қалтасын қақпақ болған күдікті Қостанай өңірінің азаматы болып шықты.

Ермек Шәкім, Түркістан облысы ПД жедел уәкілі: «Аталған күмәнді хабарландыруды бірден назарға алған полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Қостанай облысының тұрғыны болып шықты. Полиция қызметкерлері автокөлік жүргізушілерін қырағы болуға және осындай күмәнді ұсынатын интернеттегі хабарландыруларға сенбеуге шақырады»

Мамандардың сөзінше, Қазақстанда көлік паркін жаңарту қажет. Қазір елде 4 миллионға жуық автокөлік бар. Олардың орташа жасы 21 жылды құрайды. Мұндай машиналар ескі болып саналады және жиі жөндеуді қажет етеді. Мамандар автопаркті жаңарту үшін утиль төлемін алып тастау керек немесе заңдастыру науқанындағыдай оның құнын 200 000 теңгеге дейін төмендету қажет екенін айтады.