Түркістан облысында полиция қызметкерлері контрабанда қылмыстарын анықтады

105

Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне Қазығұрт шекара бекетінен Өзбекстан азаматының айналыстан алынып тасталған затты алып өтпекші болғаны жөнінде хабарлама келіп түседі.

Оқиға орнына тез арада жеткен полиция қызметкерлері тексеру барысында «Келли» атты қызметтік иттің көмегімен шетелдіктен есірткі затын тапты. Тінту кезінде тәртіп сақшылары күдіктіден өсімдіктен алынған есірткі заты бар екі пакет тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленіп алынған зат «кептірілген марихуана» болып шықты. Жалпы салмағы 9 грамға жуық.

Тәртіп сақшылары Жібек жолы бекетінде тағы бір Өзбекстан азаматын контрабандалық жолмен есірткі өткізбек жерінен ұстады. Сарыағаш АПБ-не кеден бекетінің қызметкерлері есірткі контрабандасына қатысты күдіктіні қолға түсіргені жөнінде хабарласады. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, лақап аты «Золотой» қызметтік иті күдіктіден гашиш бар пакетті анықтауға көмектескен.

Тінту барысында жедел уәкілдер өзіне тән иісі бар 1 пакет есірткі затын тәркіледі. Сараптама қорытындысы сәйкес, тәркіленген есірткі заты 3 грамнан асатын гашиш болып табылды.

Қазіргі уақытта осы жайт бойынша ҚР ҚК екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде: Оның бірі ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алынған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы» және 296-бабы «Өткізу мақсатынсыз есірткі, психотроптық заттармен, олардың аналогтарын, прекурсорлармен заңсыз жұмыс істеу» бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Түркістан облысы ПД-нің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ағымдағы жылдың басынан бері есірткі контрабандасы бойынша 50 жайтты тіркеп, қылмыстық жауапкершілікке тартқан.