Өзбекстан азаматын тонаған жалған полицейлер ұсталды

165

Өзбекстан азаматы Сарыағаш АПБ-не келіп, өзін белгісіз азаматтар тонағанын айтып арызданды, – деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жәбірленуші Қазақстанда жұмыс істеп, тиісті жалақысын алып, еліне қайтпақ болады. «Жібек жолы» кеден бекетіне келгенінде, оның жанына белгісіз көлік тоқтап, ішіндегілер өздерін полиция қызметкерлері деп таныстырады. Соңынан құжаттарын көрсетуді сұраған. Одан соң, күдіктілер оның өзге ел азаматы екенін айтып, көлікке отыруын бұйырған. Көлікке отырғызып алып, шетке апарып, «тірі қалғың келсе, қалтаңда бар ақшаңды бер»,- деп қорқытып, 60 000 теңге ақшасын тартып алған.

Департаменттің хабарлауынша, аталған жәйт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 191-бабы – «Тонау» бойынша тіркелген.  «Полицейлер тез арада қылмыскерлерді ұстау мақсатында іске кірісті. Полиция майоры Мақсат Пернебаев пен полиция капитаны Ғазиз Ақбердиев куәгерлерден сұрастырып, мұқият тексеру жұмыстарын жүргізіп, түрлі ақпарат көздері арқылы пробация қызметкерлерімен бірлесіп, күдіктілерді ұстады. Тергеу барысында ұсталған күдіктілердің екеуі де бұрын сотты болғаны анықталды. Күдіктілер ақша қажеттілігіне байланысты заңсыз әрекетке барғандарын мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды», – деп жазылған департамент таратқан ресми ақпаратта.

Мөлдір Бекеева