Жоғалған бала туысының үйінен табылды

140

Сарыағаш АПБ-нің ЖПҚ Ювеналды полиция тобының инспекторы полиция капитаны Заманбек Көшбаевқа жергілікті тұрғын хабарласып, ұлының үйден өрістегі сиырларын көріп келемін деп шығып кетіп, содан қайта оралмағынын айтып шағым түсіреді.

Аталған хабарлама бойынша Сарыағаш АПБ-нің ЖПҚ ЮПТ инспекторлары Заманбек Көшбаев, полиция капитаны Серік Дархановтар тез арада жасөспірім баланы табуға кіріседі. Баланың барады-ау деген жерлерін тексеріп, достарынан, туыстарынан, көрген-білгендерден сұрастырады. Қажетті деп танылған барлық шараларды жүзеге асырады. Нәтижесінде, полицейлер шұғыл іздестіру іс-шаралары арқасында жасөспірімнің жүрген жерін анықтап, 25 шақырым қашықтықтағы туысының үйіне барып, баланы сол үйден табады. Осылайша полицейлер кәмелет жасына толмаған баланы анасына дін-аман күйінде табыстады.

Тергеу барысында анықталғандай жоғалған 10-сынып оқушысы кешкісін достарымен қыдырып, өзімен жасты туысының баласымен бірге соның үйіне барып қонғаны анықталды.

Өз кезегінде баласымен қауышқан ана аудандық полицейлерге алғысын білдірді. «Жастығынан болар, жауапсыздық танытып, бізге ескертпестен туысымның үйінде қалып қалған балам үшін менімен бірге алаңдап, мінсіз қызмет атқарғандарына разымын. Жоғалған баламды тауып бергені үшін, тәжірибелі, қырағы полицейлерге дән ризамын»-деп жұмыстарына сәттілік тіледі.

Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға балаларыңызды бақылаусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Жасөспірімдерге барар жерін үнемі ата-аналарына ескертіп отырғаны жөн деп санайды.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі