Үй кезегінде тұрған көпбалалы аналардан ауызбастырық сұраған

276

«Шындық жоқ». Осындай жазуды ұстаған шымкенттік әйелдер тағы да әкімдік алдына жиналды. Өткен айда ғана әкімдікте түнеген олар әлі күнге дейін әділдікке жете алмай жүргенін айтады.

Сөздерінше үй кезегін жылжыту үшін жауаптылар енді ауызбастырық сұрай бастаған. Кезектің кезексіз жылжығанына куә болған олар креслодағылармен кездесу орнына бұл жолы жиналып қалған дәлелдермен келіпті.


Дәл осы аналар ай бұрын «әкіммен кездесеміз» деп әкімдікте түнеген еді. Қабылдауға кіре алмаған олар қала басшысымен ақыры бір тәуліктен кейін ғана жүздескен. Желтоқсанда үй береміз деген атқамінерлер уәдесі әлі орындалмапты. Осылай деген баспана кезегінде тұрған ел енді кезекті жылжыту үшін ауызбастырық сұрала бастағанын айтады.

Ләззат Құлжанова, қала тұрғыны: «Шымкентте кезекті жылжытып, үй алу үшін 1 млн. 600 мың теңге беру керексің. Осындай сомада қаржы берген кейбіреулер үй алды. Парасыз пәтерлі болу мүмкін емес».

Жиналған аналардың басым бөлігі баспана кезегінде 6 жылдан бері тұр. Бірақ, содан бері өз шаңырақтарына қол жеткізе алмаған олар кезектің де жылжуында күмән барын айтады. Кезекті бақылаумен отырған аналар өздерінің кейінге шегеріліп, кейінгілердің алға шығып кетуіне де қайран қалған. Жиналғандардың әр айтқан сөзін жала деп тапқан басшыға әйелдер бұл жолы тіпті айғақтарын да әкеліпті.

Динара Насырова, көпбалалы ана: «3 айдың ішінде мына бір кісі көпбалалы ана деп өзгертілген. Бастапқыда ол жалғызбасты ана деп тіркелген. Соңында 1 жылға алға, яғни 3003 адамға жылжыған».


Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәлік Әбдінұров әйелдердің барлық сөзін теріске шығарды. «Жұмысты жүйелі ақтарып отырмыз» деген ол халыққа шыдау керектігін айтады.

Мәлік Әбдінұров, қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Кезек сатылмайды. Егер дәлелдеріңіз болса құқық қорғау органына жазыңыздар. Кез-келген фактіні олар қарап, сіздерге жауап береді. Кезекті сату мүмкін емес».


Жауаптылардан әділдік таппаған аналар енді соңғы шешімді соттан естімек. Айта кетейік, үшінші мегаполистегі көпбалалы аналар әкімдік қызметкерлерін бұған дейін 8 рет сотқа берген екен.

Назерке Үкібасова