«Автокөлік аударылды», «Екі көлік соқтығысты», «Жол көлік апатынан қаза тапты». Мұндай мазмұндағы жаңалықтарды сағат сайын болмаса да, күн құрғатпай естиміз, оқимыз, көреміз. Қазақстанда жол-көлік оқиғасынан келер қауіп көп. Тәртіп сақшылары бұған көбіне көп көлік жүргізушілерінің кінәлі екенін айтады. Бірінің көлігі қысқа дайын болмайды, ендібірі жылдамдықты шектен тыс асырып, бей-берекет көлік жүргізеді. Бұқараның да бұған айтар уәжі бар. Жол қозғалысын қадағалайтындар да өз міндетін адал атқармайды. Кім не десе де, бір нәрсе анық. Елімізде жол-көлік оқиғасы көп, содан зардап шегіп, қайғы жұтып отырған отбасылар да баршылық.
Темір тұлпар «темір табытқа» айналмасын
Бұрындары автокөлік қозғалыс құралы болса, бүгінде моделі де, санаты да көбейіп, иесінің әлеуметтік жағдайынан хабар беретін құралға да айналып үлгерді. Кейбіреулердің көлігіне қарап, мансабын, беделі мен байлығын аңғаруға болады. Әйткенмен, көлік түрі де, санаты да қандай болмасын, дұрыс басқарып, абайламаса, ажалға айналады.
Осы орайда Шымкент қалалық Полиция департаментіне қарасты Жергілікті полиция қызметі басқармасының құрамындағы жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы Нұрлан Ермекбайдың айтуынша, автокөлікпен байланысты болатын түрлі қылмыстық істердің қатарында ең көп тіркелетіні — жол-көлік оқиғасы екен.
Бұған:
• Қақтығыс
• Аударылу
• Кедергіні соғу
• Жүргіншіні басып не соғып кету
• Велосипедшіні соғып кету
• Тұрған көлік құралын соғу
• Ат-арба көлігін соғу
• Жануарларды басып не соғып кету
• Жолаушылардың құлауы
жатады.
Осы орайда әлемдік бір статистиканы да келтіруге болады. Әлемде жол көлік оқиғасынан көз жұматын адам саны қатерлі ісік пен жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болатын адам санынан кейін үшінші орында тұрады. Жол-көлік оқиғалары ел экономикасына әр жылы бірнеше миллиард теңге шығын келтіреді. Демографиялық ахуалға кері әсер етеді.
Биылдың 11 айында жол қозғалысы ережесін бұзудың 124 883 құқықбұзушылық фактісі тіркеліпті.
Жазда көлік көп соқтығысады
– Жол көлік оқиғасы көбінесе жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауынан боп жатады. Жолдың қарама-қарсы бағытына шығып, автокөлік басқару, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, маневр жасау кезінде жол ережесін бұзу да бар. Мұндай жағдайда көп жол-көлік оқиғасы болады. Бір қызығы, автокөлік соқтығысуы қыс мезгілімен салыстырғанда жазда көп тіркеледі. Себебі, өз өзіне сенімді жүргізушілер жылдамдықты асырады. Ал қыста сақ жүреді. Сондықтан да қыста жол көлік оқиғасының саны едәуір аз болады. Бірақ, жасыратыны жоқ, қар алғаш жауғанда жүргізушілер табиғат жағдайының өзгерісіне дайын болмайды. Міне, сол кезде қайғылы жағдайлар көбірек тіркеледі, — дейді Нұрлан Ермекбай.
Мұның бір дәлелі, биылға алғашқы қар жауғанда Алматы-Термез автожолының 765 шақырымында ірі жол-көлік оқиғасы болды. Түркістан облысының Қазығұрт ауданы аумағында бір бағытта келе жатқан 4 автокөлік соқтығысты. 15 адам ауруханаға жеткізіліп, 8-і жансақтау бөліміне жатқызылды. Республикалық маңызы бар жолдағы қайғылы жағдайға көктайғақ себеп болыпты. Әйткенмен, басты қателік — жылдамдықты асыру, жол жүру ережелерін сақтамаудан шығып отыр.
Сол бір қателіктің ар жағында қаншама жанның өмірі мен денсаулығы тұр. Аталған оқиғада кісі өлімі болмады, бірақ кісі қазасымен аяқталып жатқан оқиғалар да жетерлік.
Автокөліктің зақымдалған шығынын сақтандыру агенттігі өтеп бергенімен де қара жолда демі үзілген жандарды ешкім қайтара алмайды.
– Сондықтан да әрбір жүргізуші рөлге отырған кезде өз өмірі және жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің өмірі үшін жауапты екенін естен шығармауы керек,-дейді Нұрлан Үмітәліұлы.
ЖОЛ АПАТЫНДА ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
Осы орайда полиция маманынан автокөлік соқтығысқанда қалай әрекет етіп, не істеу керегін де сұрадық.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларына сәйкес жол-көлік оқиғасы кезінде оған қатысы бар жүргізуші:
– көлік құралын дереу тоқтатуға (орнынан қозғамауға), авариялық жарық сигнал беруін қосуға және авариялық тоқтау белгісін (жанып-сөнетін қызыл фонарь) қоюға, оқиғаға қатысы бар заттарды қозғамауға;
– зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету үшін ықтимал шараларды қолдануға, жедел медициналық жәрдем шақыруға, ал шұғыл жағдайларда зардап шеккендерді жол-жөнекей көлікпен жөнелтуге, егер бұл мүмкін болмаса, өзінің көлік құралымен жақын жердегі емдеу мекемесіне жеткізуге, өзінің тегін, көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін хабарлауға (жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргізуші куәлігін және көлік құралына берілген тіркеу құжатын көрсете отырып) және оқиға болған жерге қайтып келуге;
– болған оқиға туралы жақын жердегі ішкі істер органына дереу хабарлауға, оны көргендердің тектері мен мекенжайларын жазып алуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің келуін күтуге;
– егер басқа көлік құралдарының жүруі мүмкін болмаса, жолдың жүру бөлігін босатуға;
– жолдың жүру бөлігін босату қажет болған кезде оқиғаға қатысы бар көлік құралының орналасуын, іздер мен заттарды куәлардың қатысуымен алдын ала белгілеп, оларды сақтауға барлық ықтимал шараларды қолдануға және оқиға болған жерді өзгелердің айналып өтуін қамтамасыз етуге міндетті.
Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, егер зардап шеккендер болмаса, болған оқиғаның мән-жайын бағалауда жүргізушілер өзара келіскен кезде оқиғаның схемасын алдын ала жасап және оған қол қойып, оқиғаны ресімдеу үшін ішкі істер органдарының жақын бөлімшесіне келеді.
Басқа сөзбен айтсақ, жол-көлік оқиғасы кезінде
– Зардап шеккендердің бар-жоқтығын тексеру, егер бар болса жедел жәрдем шақыру;
– «Апаттық сигналды» қосу және апаттық аялдау белгісін орнату;
– Егер оқиға куәгерлері болса, олардың байланыс деректерін жазып алу керек. Бұл ерекше жағдайларда пайдалы болуы мүмкін;
– Әкімшілік полиция қызметкерлері (егер зардап шеккендер болмаса – 102/ бар болса – 112 (қоңырау шалу тегін)) мен сақтандыру агенттерін шақыру (тел.: сақтандыру куәлігінен қараңыз).
Жол-патрульдік полиция қызметкерлері келген кезде істің барлық материалдарын ресімдеуі тиіс:
– Жол-көлік оқиғасының сызбасын құрастыру,
– Жол-көлік оқиғасы болған жерді қарау хаттамасы,
– әкімшілік хаттама,
– түсініктемелер іріктеу,
– жүргізушілерді медициналық куәландыруға жіберу.
Сонымен қатар жол-патрульдік полиция қызметкерлері сіздің барлық құжаттарыңызды тексереді, сызбаны салады. Кейбір жағдайларда, егер көлік құралы жол-көлік оқиғасының орнында басқа аватомобильдердің қозғалысын қиындататын болса, көлік құралдарын сүйреп әкетуді сұрайды.
Бұдан әрі жол-патрульдік полициясының қызметкері сізге жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының атына түсініктеме бланкісін береді.
Сіз бланкіні толтырасыз, онда міндетті түрде жол-көлік оқиғасының шамамен алынған уақытын, көшелерінің қиылысы (қай жерге қарама-қарсы болды), автокөліктің мем. нөмірін, қозғалыс бағытын және оқиғаның егжей-тегжейлі сипаттамасын, МАҚЖ полисі нөмірін көрсету қажет.
Жеңіл-желпі соқтығысу кезінде екі тараптың өзара келісуі заңсыз саналады. Кінәлі тарап келесі күні жәбірленушіге өтемақы төлеп, көлігін жөндеуден бас тартса, сіз өз құқығыңызды заңмен қорғай алмайсыз. Мұны жүргізушілер жақсы біледі.
«Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, екінші рет мұндай қателікке ұрынбайды.
Нұрлан Ермекбайдың сөзінше, жол көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жыл басынан бүгінгі таңға дейін «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Абайлаңыз, балалар!», «Назар аударыңыз – балалар!», «Құқық тәртібі» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.
Дегенмен сала мамандары жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы үшін жүргізушілердің де үлес қосуы керек. Жолда жүру ережесін бұзбай, жылдамдықты асырмай, жолда аса мұқият болуы керек. «Сақтансаң, сақтайды» дегендей, көлік басқарып, жол жүргенде ұқыптылық, қырағылық пен шыдамдылық ажырамас серігіңізге айналсын.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №51, 18 желтоқсан 2019 ж