Тасымалдаушы компания лицензиясынан айырылуы мүмкін

Жантүршігерлік жол-көлік апатына себеп болған автобус тиесілі компанияны қалалық полиция департаменті лицензиясынан айыруға ұсыныс берді. Сол күні қаза болғандардың үшеуі бір сауда орнында жұмыс істеген болып шықты. Қазіргі таңда марқұм болғандардың әріптестері арнайы қор ашып, көмек үшін қаржы жинап жатыр. 

8 сәуірде бірнеше адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апатынан аман қалған Дариға Сейдалиеваның анасы қызының алдағы өміріне алаңдаулы. Мадина Сейдалиева 6 баласының үлкені, отбасының асыраушысы болғанын айтады. Сөзінше, оқиғадан 2 күн өтсе де, ешкім келіп кешірім сұрап, қыздың хал-жағдайын білуге тырыспаған.

Мадина Сейдалиева, жәбірленушінің анасы: «Осы қызым асыраушым менің. Пәтеріміз бар, коммуналдық төлемдер бар, азық-түлік бар бәрі осы қыздың мойнында. Менің өзімде бір бүйрегіммен жұмысқа жарамаймын.  8 айлық бөпем бар. Осы қызым жұмыс істейді, ақша табады, жан-жақтан беріледі, бірақ асыраушым осы қызым. Енді бұл қызым жақын арада бұл түрімен жұмысқа шықпайды. Қалай күн көреміз біз сонда?! Өкпем бар, сол автобус … нелері жауап берсін! Қызымның әлі қаншама емі бар. Ол ми шайқалу бір-екі жылдан кейін басталса кім жауап береді?!».

18 жастағы қыз ауруханаға бірнеше жарақатпен түскен. Ақ халаттылар оған отаның қажет болмағанын айтты. Дегенмен ол әлі бірнеше күн ауруханада ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болады.

Эльдар Смағұлов, №1 қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі: «8-і күні мен аурухана бойынша жауапты дәрігер болдым. Сол күні оқиға орнынан Сейдалиева Дариға дейтін 18 жасар қыз баласы жеткізілді. Келген бойда науқастың жағдайы ауыр болып тексерілді, алған жарақаттарына байланысты. Дереу реанимация залына кіргізіліп, толық тексеруден өтті. Тексеру барысында бас миының шайқалуы, кеудесінің ауырсынып қалғаны және қолы мен аяқтарының жарақаттары анықталды. Қазір науқас нейрохирургия бөлімінде жатыр. Керекті емін қабылдап жатыр, қазір науқастың жағдайы орташа деңгейде болып саналады».

Ал қаза тапқандардың үшеуі бір сауда орнында сатушы болып істеген. Бірінің артында шиеттей 5 баласы, енді бірінің мүмкіндігі шектеулі анасы қараусыз қалды. Отбасының асыраушысы болған азаматтардың жақындарына көмек қолын созу үшін қазір сол жұмыс орнының қызметкерлері арнайы қор ашып, қаржы жинап жатыр.

Айдана Рахымбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бірінші ол Азиза деген әпкеміз, сатушы болып істейтін. Артында 5 бала-шағасы қалды. Осы қалада жалдамалы пәтерде тұратын, күйеуі жоқ. Екінші Азатхан, Айзада деп айтамыз. Ол қыздың мүгедек мамасы бар, ол кісінің жалғыз асыраушысы сол қыз еді. Енді мамасының өзі жалғыз қалды. Ол да жалдамалы пәтерде тұратын. Біздің тараптан әріптестермен бірігіп, жинақ ашқан болатынбыз. Ақша жинап жатырмыз қазіргі таңда. Жиналған сомманы осы марқұмдардың отбасыларына бөліп беретін боламыз».

Бұл іс бойынша қазіргі таңда ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Ал осы жол-көлік оқиғасы бойынша қалалық полиция департаменті тарапынан әкімдікке тасымалдаушы компанияны лицензиясынан айыру жөнінде ұсыныс жолдапты.

Нұрдәулет Сүйеубеков, Шымкент қаласы ПД анықтау басқармасының бастығы: «Сараптамалар тағайындалды. Автобус жүргізушісі қамауда. Және бізден Шымкент қалалық әкімшілігіне «Shymkent bus» фирмасын жолаушылар тасымалдау лицензиясынан айыру туралы ұсыныс жолданды. Ұсынысты біз жолдаймыз, қарау мерзімі 1 ай көлемінде».

Қазіргі таңда зардап шеккендер мен қаза тапқандарға байланысты сот-медициналық және автобусқа автотехникалық сараптамалар тағайындалды.